Нидерланд елі велосипед экспорттау бойынша көш бастап тұр
Велосипед – әрбір Нидерланд тұрғыны үшін өмір салты. Мұнда адамнан гөрі велосипед көп, деп хабарлайды 24kz.
Салауатты өмір салтын сақтанатын ел көліктің бұл түрін экспорттау бойынша да көш бастап тұр. Голландтықтар жылына 1,2 млн велосипедті шет мемлекеттерге сатып, одан шамамен 3 млрд еуродан астам табыс тауып отыр. Жалпы бұл ел велосипедті құрастыру, сату, техникалық қызмет көрсету және жалға беру арқылы 13 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Велосипед елі мұндай өзгерісті қашан және қалай қабылдады? Қанша тұрғын екі дөңгелекті көлікті қолданады?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Велосипед бұл елдің мәдениетінде ертеден бар. Әсіресе, XX ғасырдың аяғында жағдай күрт өзгереді. Тұрғындар жанармай бағасына тәуелді болмас үшін таза ауамен тыныстап, балаларды қорғауға деген ұмтылысының арқасында олар велосипедке ауысады. Қазір кез келген нидерландықтың велосипеді бар. Халқының саны – 17,8 млн. Ал, великтер саны 25 млн-ға жуық. Бір ғана Амстердамның өзінде шамамен 800 000 велосипед бар екен. Шаһардың шамамен 63% күн сайын велосипедтерді көлік құралы ретінде пайдаланады. Тіпті туристерге де арнайы саяхат бағыттары әзірленген.
Елде жылына 1 млн-ға жуық жаңа велосипед сатылады. Ал, көпшілік пайдаланылған құралдарды мініп жүр. Жыл сайын 500 мың велосипед ұрланып, одан 600 млн еуро шығын келеді. Соған қарамастан сұраныс артпаса, кемитін емес. Мәселен, бір адам жылына 1100 шақырым жолды осы тұлпармен жүріп өтеді екен.
Незих Айн, тұрғын:
- Велосипед мен үшін өте маңызды. күнделікті жұмысқа барып, қайту үшін көлік ретінде пайдаланамын. Күніне шамамен 15 шақырым жүремін. Велосипедім болмаса, не боларын білмеймін. Себебі қалада машинамен жүру өте қиын. Әрине, қоғамдық көлік бар, бірақ кептеліс салдарынан жолға өте көп уақыт кетеді. Балаларымды да үнемі велосипедпен алып жүремін. Оларға қуаныш сыйлайды. Қоршаған ортамен танысады.
Мериам Хейстер. жасы 54-те. Мемлекеттік қызметкер. Үш жасынан велосипед тебеді. Айтуынша, велоспорт – еркіндік. Тек көлік ғана емес, әсем жерлермен танысу, ашық ауада серуендеу әрі спортпен айналысу құралы.
Мериам Хейстер, тұрғын:
- Жыл он екі ай велосипедті қолданамын. Тек қарлы және мұзды күндерде жүруді ұнатпаймын. Қалған уақытта тұрақты көлігім. Күніне шамамен 20 шақырым велосипедпен жүремін. Қала ішінде автокөлік өте ыңғайсыз. Себебі қала іші тығыз орналасқан және Амстердамда барлық жерлер жақын. Қайда қоямын деп те қиналмайсың. Жұмысымның жанында велотұрақ бар.
Нидерландыда осыдан 55 жыл бұрын әрбір бесінші тұрғынның көлігі болған. Орта ғасырда салынған голландық көшелер осынша көлік қозғалысына дайын болмады. Салдарынан сол жылдары жол апатынан 3 мыңнан аса адам көз жұмды. Оның 500-і бала. Жағдайға бей-жай қарамаған белсенділер шерулетіп, биліктен апаттардың алдын алуын сұрады. Нидерланд үкіметі көп ұзамай қала құрылысы мен инфрақұрылымын велосипед жүргізушілеріне икемдеді. Бүгінгі таңда Нидерланды велосипед жолын белсенді қолданатын елдердің көшін бастап тұр.
Авторы: Меруерт Қанағат