Қытайда Қысқы Азия ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр
Қытай қысқы туризм бойынша әлемнің жаңа орталығына айналып келеді.
Бұл бағытта үздік саналып келген Австрия мен АҚШ-тың өзін артта қалдыруға ниетті. Оның үстіне биылғы Қысқы Азия ойындары Қытайда өтпек.
IX Қысқы Азия ойындарын өткізуге Қытайда дайындық қызу. Кіші құрлық додасы ақпанның 7-сі мен 14-і аралығында Харбинде өтеді. Елге биыл қыс мезгілінде 520 миллион турист келуі керек. Қытайдың Туризм академиясы осындай болжам жасап отыр. Тиісінше қысқы саяхат бюджетті 630 миллиард юаньға толтырмақ. Біздің ақшаға шаққанда 45 триллион теңгеден астам сома. Негізі көршідегі қысқы туризмнің даму қарқыны 3 жыл бұрынғы Бейжің Қысқы Олимпиадасы кезінде басталған. Сол тұста инфрақұрылымның дені жасақталды.
Ли Шуниң, мәдениет және туризм бюросының директоры:
"Біз мұз бен қар экономикалық өнеркәсіп орталығын құрдық. Енді 9-Қысқы Азия ойындарына дайындалып жатырмыз. Осыған байланысты өндірісі көлемі ұлғайып жатыр."
Қытайда қысқы спорт құрал-жабдықтары "жасыл" инновация негізінде жасала бастады. Мысалы, карбон конькилер пайда болған. Ол экологияға аса зияны жоқ жеңіл материал. Жалпы қытайдың спорт жабдықтарына әлемнен сұраныс артқан. Бір ғана Шэньчжэнь қаласында шаңғы таяқшаларын шығаратын 34 кәсіпорын бар. Олар жыл сайын 15 миллион таяқша шығарады. Бұл әлемдік нарықтың 60 пайызы.
"Біздің конькилер көміртекті талшықтардан жасалды. Ол сапаны артырады әрі жүріс-тұрысқа өте ыңғайлы."
Қытайда "мұз бен қар экономикасы" деген жаңа ұғым пайда болды. Яғни, қар мен мұздан пайда табу. Жоспар ауқымды. 2027 жылға қарай 1,2 триллион ал, 2030 жылға дейін 1 жарым триллион юань тартуы керек. Бұл шамамен 108 жарым триллион теңге.
Бұл Қытайдың мұз астанасы деген атауға ие болған Харбин қаласы. Ол елдегі ең суық шаһардың бірі. Сынап бағанасы минус 35-ке дейін төмендейді. Биыл қысқы қалашықты тұрғызуға 300 мың текше метр мұз бен қар жұмсалған. Бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
Ернат Рахметолла