Қытайда жер сілкінісі қайталануы мүмкін

Қытайда жер сілкінісі тағы да қайталануы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Ел билігі сейсмикалық мониторинг шараларын күшейтті. Ал апат болған аймақта қазір құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қазірге дейін қирандылардың астынан 126 адамның мәйіті табылды. Жарақат алғандар саны да өсіп барады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайдың Сицзан автономдық ауданында жойқын жерасты дүмпуі бір емес, бірнеше рет болды. Бұл елдің оңтүстік-батыс бөлігі. Қытайдың сейсмикалық орталығының мәліметіне сүйенсек, аймақта түске дейін 11 рет жер сілкінген. Сарапшылар зілзала қайталануы мүмкін деген болжам жасап отыр. Оның үстіне елдің премьер-министрі Ли Цян сейсмикалық мониторингті күшейтіп, үздіксіз бақылауда ұстауды тапсырды.

Зілзала ошағы Динжи уезіндегі Цого ауылында тіркелгені анықталды. Радиусы шамамен 20 шақырым аумақты қамтыған. Апат болған аймаққа жалпы саны 27 ауыл кіреді. Ресми мәліметке жүгінсек, бұл уезде 61 мың халық тұрады. Қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Үйінділерді  тазарту, құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. 1000-нан астам тұрғын үй қираған. Маңызды автожолдар опырылып, қозғалыс шектелді. Қақаған қыстың ортасында баспанасыз қалған жұрт қиындыққа тап болды.

Цзян Хайкунь, Қытай сейсмологиялық орталығының ғылыми қызметкері:

- Түске дейін магнитудасы 4 балдан асатын үш жер сілкінісі болды. Артынша тағы 8 жерасты дүмпуі тіркелді. Ең жойқыны 6,8 балға жетті. Зілзала әлі де қайталануы мүмкін. Бірақ сарапшылар ендігі жер сілкінісі бұдан жойқын болмауы керек деген пікірде. Аймақта сейсмикалық бақылау 24 сағат бойы жүргізіледі.

Қазір мұнда төтенше жағдай жарияланып, барлық күштік құрылымдар жұмылдырылып жатыр. Шигацзе қаласында 3400 құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында әскерилер, полицейлер, өртсөндірушілер де бар. Қосымша 340 медицина қызметкері тартылды. Сондай-ақ, құтқару шараларына 150-ден астам техника қолданылуда.

Лю Хуачжун, Шигацзе қаласы мэрінің орынбасары:

- Апат аймағында құтқару шаралары жүріп жатыр. Қирандылардың астында қалған адамдарды іздеу жұмыстарына түрлі топтар жұмылдырылған. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, алғаш қажет болатын заттармен қамтамасыз етуге мән беріліп жатыр. Әсіресе, баспанасыз қалғандарды уақытша жылы орындарға орналастыру маңызды. Қаржы және Төтенше жағдайлар министрліктері апаттың салдарын жоюға, оның ішінде баспанасыз қалғандарды көшіру мен қалыпқа келтіру жұмыстарына 14 млн АҚШ долларына жуық қаржы бөлді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір атмосфера және қоршаған орта обсерваториясында электр энергиясы үзілген. Джомолунгма таулы туристік аймағы уақытша жабылды. Апат болған аймақта құтқарудан бөлек, шығын көлемін есептеу, бағалау жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын