Ыстанбұл жүргізушілері жылына 105 сағат кептелісте тұрады

Көлік кептелісі бойынша әлемдік рейтингте көш бастайтын қаланың тағы бірі –  Ыстанбұл. Америкалық INRIX аналитикалық компаниясының 2024 жылға арналған мәліметінше, Түркияның ірі шаһарындағы кептелісте жүргізушілер жылына орта есеппен 105 сағат жұмсайды екен.

Ыстанбұл көлік кептелісі бойынша әлемдік рейтингте Нью-Йорк, Чикаго, Мехико, Лондон сынды бірқатар мегаполисті артта қалдырады. Түркиядағы 20 миллионнан астам халқы бар ең үлкен қаланың 1 жылдағы көрсеткіші 15%-ға нашарлаған. Зерттеу 37 елдің 900-ден астам қаласын қамтыды.

Құдыс Шолпан, Ыстанбұл тұрғыны:

- Ыстанбұлдағы кептеліс – күрделі мәселе. Бір жерге жұмысқа немесе қыдырып барамыз десеңіз де, бір күніңді алады. Үлкен жер. Адам саны көп. Машина көп. Машина қоятын жер де табылмай жатады. Таңертең шықсаң, кешке үйге әрең жетесің. Қоғамдық көліктерге мінесің. Онда да адам саны көп.

Ыстанбұл билігі көлік қозғалысын азайтып, экологиялық жағдайды жақсарту үшін жаңа шаралар қабылдамақ. Негізгі бастамалардың бірі – көлік қозғалысының тығыздығы жоғары аймақтарда ақы төлеуді енгізу. Тар көшелерімен танымал Эминөнү мен Кадыкөй аудандары пилоттық жоба ретінде таңдалуы мүмкін.

Гөкхан Өзчеби, Ыстанбұл тұрғыны:

- Қандай шара қолданылса да, ережені бұзатындар көп. Көлік кірмейтін жердің өзінде машина тұрады. Өміріміздің жартысы осы жолдарда өтіп кететін болды. Түбегейлі өзгертетін шешім болмаса бұл мәселенің түйінін тарқату қиын. Еуропа секілді велосипед болмайды. Сауданың қайнап жатқан ортасы. Білмеймін қалай шешетінін.

Сонымен қатар шығарындылардың көлемі төмен аймақтарды құру қарастырылып жатыр. Бұл экологиялық жоба ауаның ластануын азайтуды көздейді және ауаға шығарындылары жоғары көліктерге қосымша төлем енгізу жоспарланған. Қос бастама көлік кептелісін азайтып қана қоймай, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартады деп отыр.

Авторы: Меруерт Қанағат.