АҚШ-та бірқатар елмен өткен ғасырдан келе жатқан сауда шектеуін алып тастау туралы айтылды
АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қазақ-американ сауда қатынастарын шектейтін Джексон-Вэник түзетуін күшін жоюға қолдау білдірді.
Бұл туралы АҚШ үкіметінің сыртқы саясат комитеті өкілдерінің тыңдауында мәлім болды. 53 жастағы Республикашылдар партиясының өкілін бірер күннен кейін Ақ үйге оралатын Дональд Трамп, Мемлекеттік хатшы лауазымына тағайындады.
Ереже бойынша үміткерлерді Сенаттың тиісті бөлімі сұрақтың астына алып, лауазымға лайықтығын сынайды. Марко Рубионың Сенаттағы аталған кездесуі қалай өтті?
Джэксон-Вэник түзетуін алып тастау үшін қандай іс-шаралар қолға алынды, осы заңнаманың зардабын тартып жатқан қандай мемлекеттер бар?
АҚШ-тың болашақ Мемлекеттік хатшысы "Джексон-Вэник түзетуіне" қатысты пікір білдірді
Ердана Ержанұлы, тілші:
Үш күнге созылатын сұрақ-жауап сессияларында Трамп таңдаған 13 үміткер АҚШ билігі өкілдерінің алдында өздерінің лайықты кандидат екендерін дәлелдеп әлек. Соның ішінде 6-шы болып, сәрсенбі күні Мемлекеттік хатшы лауазымына сайланғалы жатқан Марко Рубио да өз сынағына қатысты. Негізгі тақырыптар Ресей, Қытай, Мексика, Венесуэла, Иран, Украина, Таяу шығыс мәселелері төңірегінде болды. Бірақ Қазақстанға қатысты сұрақ та тосыннан келген сауалдар арасында бірден бізді елең еткізді. Оны қойған Монтана штатынан шыққан сенатор Стив Дэйнс. Қазақстанға соңғы рет былтыр 25 наурызда келген саясаткер Орталық Азияға тиісті көңіл бөліну керектігін алға тартты. Толығырақ қос сенатордың диалогынан тыңдайық.
Стив Дэйнс, АҚШ сенаторы:
- Былтыр қараша айында, оған дейін де Оралық Азияның бес елінде түгел болдым. Меніңше, АҚШ үкіметі дәл осы өңірге жеткілікті түрде көңіл бөлмеген секілді. Бұл өңір Иран, Ауғанстан, Қытай, Ресей сияқты елдердің арасында жатыр. Бұл елдердің стратегиялық маңызы аса зор. Әрі олар көп векторлы саясаты аясында, батыспен де жақсы қарым-қатынаста. Біздің тараптан да күш салуды арттыру керек сияқты. Алайда осы елдермен қарым-қатынасымызға Джэксон-Вэник түзетуі қолбайлау болып отыр. Біз сенаторлар болып тізе қосып, осы мәселені шешуге атсалысып жүрміз. Сұрағым былай: сіз дәл осы мемлекеттік хатшы қызметіне кіріскенде бұл мәселені назарға аласыз ба? Бізбен бірге бұл түзетуді алып тастауға күш саласыз ба?
Марко Рубио, АҚШ сенаторы:
- Бұл түзетуді түбегейлі алып тастау үшін үлкен заңнамалық жұмыс атқарылуы керек. Білуімше, Сенатор Мёрфи оны назарға алып, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан бойынша жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, бұл түзету өткеннің сарқыншағы. Бәзбіреулер Джэксон-Вэник түзетуін осы елдердегі адам құқықтары мәселелері мен Ресейге қарсы ықпалды арттыру үшін қолдану керек дейді. Меніңше, бұл бос сөз. Ал заңнама әбден ескірген. Себебі Сауда департаментінің мәліметінше, Қазақстанның экономикасы нарықтық экономикаға айналған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Дүниежүзілік Сауда ұйымының министрлер конференциясын ұйымдастырды. Бұл аталған шарттарға толықтай лайық ел дегенді білдіреді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Алдымен назарларыңызды сұрақ қойған сенатор Дэйнстің ым-ишарасына аударғым келіп тұр. Саясаткердің маңайымыздағы елдерді картадағы орналасу реті бойынша қойып тұрып, сауал тастағаны езу тартқызады. Одан соң Марко Рубионың мәселеге ойланбастан салқынқандылықпен бірден жауап бергені әрі онда Қазақстанды айрықша мысал етіп көрсеткені қуантады. Ол кісінің жауабындағы үш сөзге баса мән бергім келіп тұр. Алғашқысы Рубионың Джексон-Вэник түзетуін «ескірген» деуі. Расымен бұл заңнама сонау 1974 жылы Кеңес одағы мен АҚШ арасындағы сауда байланысын тежеу үшін жасалған. Ол кезде КСРО билігі елдегі еврейлердің эммиграция еркіндігіне шектеу қойды деген мәселе басты себеп болатын. Ал қазір КСРО да, шектеу де жоқ. Қайта АҚШ сенаторлары көп ұлтты, көп конфессиялы Қазақстанда ислам, христиан діндерімен қатар иудаизм де емін-еркін уағыздалатынын тілге тиек етті. Екіншіден, Рубио Қазақстанның нарықтық экономикаға айналуын дәлел етті. Джэксон-Вэник түзетуінің 402-бөлімі дәл сол нарықтық емес, экономикалы елдермен қарым-қатынастың тежелуіне нұсқайтын. Бұл да ескірген талап. Ал үшіншісі Қазақстан шынымен де Дүниежүзілік Сауда ұйымының министрлер конференциясын ұйымдастырды. 2020 жылғы пандемия кесірінен кейінге шегеріліп, 2022 жылы Женевада Швейцариямен бірге жасады. Яғни Дэйнске берген аргументтері де әрі алдағы қызметінде осы мәселеге назар аударуға ықылас танытқаны жақсы белгі. Себебі бұл түзетудің алынып тасталуы екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарады.
- Джэксон-Вэник түзетуін алып тастау үшін қандай іс-шаралар қолға алынды, біз сияқты басқа елдерге де осы заңнаманың салқыны тиіп жатыр ма?
Бұл заңнама аясындағы елдермен АҚШ арасында тұрақты қалыпты сауда қатынасы орнамайды. Сол үшін Қазақстан тарапы 23 жыл бойы көптеген талпыныстарды жасап келеді. Соңғы рет 2023 жылы сең қозғала бастап, АҚШ-тың Өкілдер палатысының 46 депутаты қолдау танытқан. Бұл рекордтық көрсеткіш. Одан соң сұрақ қойып отырған сенатор Дэйнс, Рубио атын атаған сенатор Мэрфи арнайы бірлестік құрып, Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынасын орнатуды алға тартып келеді. Өзге де арнайы жұмыс топтары белсенді жұмыс жүргізуде. Былайша алғанда, посткеңестік елдер арасында Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді елдер мен Солтүстік Корея, Куба сынды АҚШ-пен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын мемлекеттерде қазір аталған қарым-қатынас орнамаған. Ендігі үміт Трамптың кезекті президенттік кезеңінде болмақ.