Британия жасанды интеллект бойынша әлемдік көшбасшы болудан үмітті

Ұлыбританияның жасанды интеллект бойынша әлемдік көшбасшыға айналғысы бар.

Премьер-министрдің жоспары бойынша нейрожелілер алдағы 5 жылда экономиканың дамуын күшейтіп, оның сапасын арттыруға көмектесуі тиіс. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, азаматтардың жалақысының көбеюіне алып келеді деген үмітте. Мемлекеттік қызметті де жетілдіреді деген сенім мол. Бірақ бастамаға қарсылар да жоқ емес.

Ұлыбритания үкіметі экономиканы жандандыруда жасанды интелектіге де зор үміт артып отыр. Бұл бағытта түрлі жобалар қабылданып жатыр. Жақында Премьер-министр Кир Стармер UCL университетінің ғылыми лабораториясына бас сұқты. Бұл жерде жасанды зерденің көмегімен химиялық заттар мен дәрі-дәрмек жасап шығару жоспарланып отыр. Болашақта нейрожелілер науқастар туралы ақпарат пен биологиялық деректерге сүйене отырып, адам өмірін жеңілдетуге септігін тигізбек.  

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Жасанды интеллект болашақтың үлесіндегі нәрсе емес. Ол Ұлыбританияда қазір бар дүние және халықтың өмірін өзгертіп жатыр. Технологиялық компанияларды қолдап, нейрожелілерді жетілдірсек, мемлекеттік қызметтерді түбегейлі өзгерте аламыз.

Үкімет елдің жалпы ішкі өнімінің өсімін қамтамасыз ету үшін 2030 жылға дейін арнайы аймақтар құрып, жаңа суперкомпьютер жасап шығаруды көздеп отыр. Жасанды интеллект ауруханалар мен мектептердің жұмысын жеңілдететіне сенімді. Заманауи технологиялар жолдардағы шұңқырларды анықтаудан бастап, мұғалімдерді сабақ беруден босатуға дейін көмектеседі дейді.   

Мэтт Клиффорд, кәсіпкер:

- Елестетіңізші, сіздің егде жастағы туысыңыз бір жерде құлап қалып, жасанды интеллектіге негізделген көмекшісінен зақым алу қаупі артқаны туралы ескерту алады. Құлтемір Ұлттық денсаулық сақтау қызметімен және ауруханадағы нейрожелімен байланысып, жақыныңызға қандай көмек көрсетуге болатындығын алдын ала жоспарлайды. Осылайша мемлекеттік қызметке түсетін ауыртпалық азаяды.

Кир Стармер - мұндай өршіл бастама көтеріп отырған үшінші үкімет басшысы. Бірақ нәтиже аз. Ұлыбританияда әлі күнге дейін ChatGPT-дың бәсекелесі пайда болған жоқ. Тұманды Альбион экономикасының да болашағы бұлыңғыр болып тұр. Сыртқы қарыз қаржы дағдарысы кезіндегідей жоғарғы деңгейде. Даму үдерісін сезбеген инвесторлардан да маза қашқан.  

Гарет Дэвис, Ұлыбритания көлеңкелі министрлігінің қаржы министрі:

- Лейбористер үкіметі экономикамызды жөнді бағалай алмай отыр. Билік жасанды интеллект арқылы оған серпін бергісі келсе, инвесторларды көптеп тартуы керек. Ол бізде өте төмен деңгейде.

Үкіметтегілер экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз деп ақталады. Жылдың соңына дейін мемлекеттік шығындарды қысқартуға ниетті. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бірақ Ұлыбритания нарықтың құбылмалылығынан зардап шегуде. Салдарынан экономикасының өсімі баяу, ал сыртқы қарызы шаш етектен. Сондықтан Үкімет басшысының бір үміті жасанды интеллект сияқты. Кир Стармер сайлау алдында берген уәдесіне берік екенін көрсету үшін барын салып жатыр. Бірақ оның кабинетінің күзде ұсынған бюджеті әлсіздігін көрсетті. Мұндайда шарасыз күйге түспеуің мүмкін емес, дейді сарапшылар.

Ғалымжан Қараманұлы