Израиль: ХАМАС бітімді бұзуға тырысып жатыр
ХАМАС соңғы сәтте келісімнің кейбір тұстарын өзгертіп, бітімді бұзуға тырысып жатыр. Израиль тарабы осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 24kz.
Сондықтан еврей елінің үкіметі бүгінге жоспарлаған отырысын белгісіз уақытқа кейінге қалдырды. Бұл басқосуда министрлер кабинеті бітімді мақұлдауы тиіс еді. Ол жайында The Times of Israel басылымы жазды. Ал «Әл-Джазира» телеарнасы палестиналық қозғалыстың құжатты бұлжытпай орындауға дайын екенін хабарлайды. Кеше жанжалдасушы тараптар Газа секторында оқ атуды тоқтатуға келіскен еді. Бітім 19 қаңтарда күшіне ену керек. Алғашқы кезеңі 42 күнге жалғасады. Осы уақытта өңірде оқ атылмайды. Ал Израиль әскері Газаның адам көп шоғырланған аймақтарынан кетіп, шекараға қарай ығысуы тиіс. Сосын еврей елінің билігі түрмеде отырған палестиналық сотталушыларды босатады. Ал ХАМАС ұйымы тұтқынға алынған 33 адамды жіберуге келісті. Сондай-ақ Газа аумағына гуманитарлық көмектің жеткізілуіне қатысты шектеу болмау керек.