Ташкент әлемдегі экологиясы нашар алғашқы ондықта тұр
Әлемнің ірі қалаларында ауа сапасын нақты уақыт режимінде бақылайтын Швецарияның IQ Air компаниясы дерегі бойынша Ташкент экологиясы нашар алғашқы ондықта тұр, деп хабарлайды 24kz.
Демек, қалада тыныстау адам денсаулығына зиян. Үштікте Үндістанның Делиі мен Калькутасы, Мысырдың Каир қаласы бар. Ал біздің Алматы рейтінгте 42-орыннан көрінді. Өзбекстан билігі бас шаһардың ауа сапасын жақсарту мақсатында түрлі жобаларды қолға алып жатыр.
Дулат Нуркин, тілші:
- Экология министрлігінің дерегінше Ташкенттегі ауа сапасының нашарлығы екі факторға байланысты. Олар – өндіріс орындарынан атмосфераға таралатын химиялық қалдық көлемінің өсуі мен шаһардағы көліктің көптігі. Табиғат жанашырлары соңғысына байланысты 3,5 тоннадан жоғары жүк таситын көліктерді таңғы 7 мен 10-ның арасында, кешкі 5 пен 8 аралығында яғни, қарбалас уақытта көшеде жүргізбеу жөнінде заң қабылдауды ұсынды.
Ал тазалық жағына келсек, Ташкент көп шаһарды шаң қаптырады. 2023 жылы құрылған экология министрлігіне біраз пәрмен берілген. Қоқыс тастап, айналаны ластайтындарға қатаң шара қолдануға құзыры бар. Арнайы басқару орталығындағы монитор арқылы тәртіп бұзғандарды бірден анықтауға болады.
Надир Джамбурбаев, Өзбекстан экология министрлігі инспекция бөлімінің басшысы:
- Айналаның тазалығына бей-жай қарайтын адамдар бар. Оларға айыппұл саламыз. Алайда осыдан екі жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда көрсеткіштердің төмендегенін аңғаруға болады. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды айыппұлмен қорқытау емес, халқымыздың экологиялық мәдениетін көтеру.
Инспекторлар «былтыр 21 900 заңбұзушылық фактіні анықтап, тәртіп бұзғандарға құны 10 млрд сомма көлемінде айыппұл салған. Экологтар биыл көрсеткіш төмендейді», - деп отыр. Себебі тәртіп тұрғындарды тазалыққа үйреткен.