Түркияда жолда жанжалдасқан жүргізушілер куәлігінен айырылады

Енді Түркияда жолда келе жатып, көліктен түсіп, жанжалға қатысқандар жүргізуші куәлігінен айырылады, деп хабарлайды 24KZ. Мақсат – қоғамдық тәртіпті орнату және болашақта туындауы мүмкін қылмыстардың алдын алу.

Түркия үшін таңсық емес, жиі болатын жағдай. Жолдың үстінде жанжал шығару әдетке айналғандай.

Седат Ергезер, көлік жүргізуші:

- Түрік халқы қызуқанды, әсіресе жолда. Бір-біріне сигнал беру, жол бермеу кейде осылардың өзі  үлкен дауға ұласып кетеді. Бірден жұдырық ала жүгіреміз. Жаңа ереже қабылданғаны жақсы болды. Менің де басымнан өткен осындай оқиға. Соңы жақсы аяқталды. Бұл ереже келеңсіз жағдайлар мен орынсыз шығындардың алдын алады деп ойлаймын.

Түркияда кептеліс өте көп. Оған жанжал қосылса, сағаттап тұруға тура келеді. Кикілжің кейде шегіне жетіп, соңы қылмыстық іспен аяқталып жатады. Түрік билігі осы мәселенің түйінін түбегейлі шешу үшін жүргізушілерге жолда  көліктен шығуына қатаң тыйым салды.

Кенжетай Әліп, заңгер:

- Жол қозғалысы – біртұтас оркестр. Сіздің көлігіңіз – сол оркестрдің бір аспабы. Әркім өз аспабын дәл орындап, ережеге сай жүрсе де, егер бір адам үйлесімнен шығып кетсе, бүкіл жол қозғалысының гармониясы бұзылады. Осы тұрғыдан алғанда «қауіпті» қылмыстарды қайта анықтап, жазаны қайта қараған орынды деп ойлаймын.

Былтыр Түркияда 623 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осы оқиғалардың салдарынан 3 мыңға жуық адам қаза тапқан. Түрік билігі мұнымен тоқтамай, көлік қозғалысын одан әрі реттеуге бел буып отыр. Биылдың өзінде жол ережелерін бұзғандарға айыппұл мөлшері 44%-ке өсті.

Авторы: Меруерт Қанағат.