АҚШ-тағы ұшақ апаты: 30 адамның мәйіті табылды
Вашингтонда ұшақ апатында қаза тапқан 30 адамның мәйіті өзеннен табылды. Құрбандардың арасында ресейлік 14 мәнерлеп сырғанаушы болған. NBC телеарнасы осылай деп хабарлады.
Қазір оқиға орнында 300-ге жуық құтқарушы, полиция мен өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Сүңгуірлер өзенде әуе кемесінен борттық жазғыштарды тапты. Полиция апатқа лаңкестік шабуыл себеп болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығарды.
Айта кетейік, оқиға Рейган әуежайы маңында болған. Америкалық әуе компаниясының Bombardier ұшағы қонуға бара жатқанда тікұшақ жаттығу рейсін орындаған. Сол кезде әуе кемесі мен тікұшақ соқтығысып, өзенге құлаған. Бортта 60 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі, ал АҚШ құрлық әскерінің тікұшағында үш әскери қызметкер болған.
Шон Даффи, АҚШ көлік министрі:
- Құтқару бригадасы суыққа қарамай, күндіз-түні операцияны үзбей жалғастырып жатыр. Адамдарды аман алып қалу үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Біз де өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз. Оқиға орнында жүрген барлық қызметкерге көмекті аямаймыз.