Алматыда театр жанынан 10 инклюзивті үйірме ашылған
Алматыда есту қабілеті нашар мен зағип жандар театр өнерін тегін меңгере алады, деп хабарлайды 24KZ. «Алатау» дәстүрлі өнер театры жанынан осындай 10 үйірме ашылған. Үйірмеге келушілер өте көп. Олар вокал, би, ән айтумен қоса актерлік өнерді де меңгеріп жатыр. Сонымен қатар саусақ әліппесін де үйренеді. Айта кеткен жөн, шығармашылық ұжымдар түрлі байқауларға қатысып, көрерменді тәнті етіп жүр.
Құлағы естімейтіндердің әлемі бөлек. Олар өз ойларын ыммен жеткізеді. Бұл жандар шығармашылыққа өте жақын келеді. Сондықтан өнерге үйір болады. Ал театрдағы үйірме олардың бойындағы бар қабілетті арттырады. Мәселен, би сабағы аптасына үш рет өтеді. Оған әсіресе жастар белсенді қатысады. Дәрісті театр әртістері мен топтың көркемдік жетекшілері жүргізеді.
Жанар Бектұрғанова, үйірменің көркемдік жетекшісі:
- Үйірмеге 16 жастан бастап қабылдймыз. Жастарға сабақ ұнайды. Қабілеті , ынтасы бар жандарды шығармашылық ұжымның құрамына аламыз. Олар театр сахнасында өнер көрсетуге, талантын танытуға мүмкіндік алады. Біз бұған дейін Испания мен Беларусьте өткен халықаралық байқауларға қатысып қайттық. Бұдан кейін олардың көңіл күйлері көтеріліп, қызығушылығы арта түсті.
Ал зағиптар қоғамында «Атамұра» атты үйірме жұмыс істейді. Оған қатысушылар музыкалық аспаптарды жақсы меңгеріп, «Армандастар» және «Дос» атты екі бірдей эстрадалық ансамбль құрған. Атаулы күндерге орай тұрақты түрде коцерт өткізіп тұрады. Бұл жолы сенбінің кешінде қазақтың күйлерін күмбірлетті. Топтың репертуарында «Көне Тараз», «Ата толғауы» сияқты шығармалар бар.
Бәтима Сағынғалиқызы, «Армандастар» ансамблінің әншісі:
- Біздің әндеріміз көп негізі репертуарымызда. Халық әндері бар, шетелдің әндері бар, қазақша, орысша әндер бар, көп. Иә-иә, толтыра береміз әндерімізді. Жақсы олар. Олар өздері сондай әнді жақсы көретін болғаннан кейін онымен жұмыс істеу оңай өте. Әнді сүйеді, репетицияға үнемі келіп тұрады өздері, тамаша адамдар.
Қазіргі уақытта «Алатау» дәстүрлі өнер театры жанындағы инклюзивті үйірмелерге 200-ге жуық адам қатысып жүр. Олардың бірқатары Италия, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан және Малайзияда өткен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанған.
Авторлары: А. Сәдуақас, К. Амраев, Ә. Нарымбаев.