Д.Исабековты ақтық сапарға шығарып салу Жазушылар одағының ғимаратында өтеді

Жазушы-драматург Қазақстанның Еңбер Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков саналы ғұмырында қазақ әдебиеті қорын төл мұраларымен байыта түсті.

Оның шығармалары кез келген жастағы оқырманды оқиға желісіне жетелей жөнеледі. Заңғар жазушы ұлттық намысты жоғары қоятын жан еді. Адамзат тағдырының тәтті де, ащы сәттерін өз еңбектеріне өре білген жазушы, қағаз бен қаламын бір мезетте қолынан түсірген емес. Тау тұлғалы қаламгердің еңбектері әлемдегі өнер майталмандарының үлкен мәртебесіне ие. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі ертең Жазушылар Одағының ғимаратында өтеді.

Қазақтың қайталанбас классик жазушысы Дулат Исабековты замандастары тың тақырыптың тарланы деп атайтын. Себебі басқа  қаламгерлер көп елей бермейтін кейіпкерлерді тауып,  соның адами қасиеттерін мөлдіретіп қағаз бетіне түсіре білумен дараланды. Дулат Исабековтің прозалық және драмалық шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орны ерекше.  Оның "Гауһартас", "Қарғын", "Ескі үйдегі жаңғырық" сынды еңбектерін оқырманы жата-жастана оқыды.  Драматугиясының жөні тіптен бөлек. Пьесалары өз елімізде ғана емес күні бүгінге дейін шетел театрларында қойылып келді.

Қазыбек Иса, жазушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл кісінің шығармаларын оқып өстік жаттап өстік. Ақырамаштан наурызға дейін, Сүйекші, Қарғын, Біз соғысты көрген жоқпыз болсын барлығы да әлемдік деңгейдегі шығармалар еді. Мысалы, Ұлыбритания елі бұл кісі 75 жасқа толған кезде апталық фестиваль  өткізді. Бір апта 2012 жылдан 2022  жылға дейін 10 жылдың ішінде бұл кісінің 13 рет шығармашылығына арналыпты. 7 рет кітабы шыққан. Екі рет фестиваль болған болған. Екі рет театр қойған.

Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi бірнеше тілге аударылды. Осылай ағылшын, немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек халқына жақсы таныс болды.  Ол кісінің шығармалары негізінде «Гауһар  тас», «Дермене», «Тауқымет», «Балуан Шолақ»  атты бірнеше көркем фильм мен  «Әпке»  пьесасының негізінде телесериал түсірілген.  Драматург 30 -ға жуық пьесаның авторы.

Смағұл Елубай, жазушы:

- Қара орман қазақ оқырманына сонау 70-жылдары шыққан Сүйекші, Тіршілік атты классикалық шығармаларымен танымал. Одан берді талай талай жамбасы жерге тигенше бұл кісінің қолынан қаламы түспеген. Алып қаламгер ғой. Алла алдынан жарылқап жаннатта болғай тұрағы.

Дулат Исабеков қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген. Ол оқырманына ерте танылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің соңғы курсында оқып жүрген жүргенде-ақ алғашқы кітабы шыққан. Кейіннен «Жұлдыз» журналында , «Жалын» «Жазушы» баспасында қызмет атқарды. Оның қаламынан шыққан дүниелерде нағыз қазақ халқының болмысы шебер бейнеленді.

Қасымхан Бегманов, ақын:

- Бүкіл қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз. Қайталанбайтын жазушы жанымызбен сүйіп оқыған жазушымыз, үлкен мектеп қалдырған жазушы. Қазақ халқын жан тәнімен сүйген жазушы. Дулат Исабеков шығармаларында түгел тұтас қазақтың этнографиясынан бастап, қазақтың бүкіл қайғы қасіреті өткені ертеңге деген ишарасы барлығы тұр Бүкіл шығармаларында тұр.

Ертең алаш жұрты Еңбек ері, Қазақстанның халық жазушысы Дулат Исабековты ақтық сапарға шығарып салады. Марқұммен қоштасу рәсімі Алматыдағы Жазушылар Одағының ғимаратында өтеді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев