Елордада Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай кітап көрмесі ашылды

«Ғасырлар жырлаған ғажап ақын» атты мәдени шара Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өтті.

Көрме жыраудың өмірі мен шығармашылығына қатысты 300-ге жуық шығарма ұсынады. Олардың қатарында сирек кездесетін туындылар, жыр-дастандар да бар. Тағы бір айта кетерлігі, Дина Нұрпейісова, Бауыржан Момышұлы, Сәбит Мұқановтармен түскен фотосуреттері көрсетілген.

Нұрбала Тегісбаева, ҰАК-ның қызмет көрсету бойынша меңгерушісі:

- Көрме 1 жылға созылады. Ал шараның негізгі мақсаты - жұртшылықты ақынның рухани мұрасымен таныстыру. Сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптесек дейміз.

Уәлихан Қалижан, Ф.Ғ.Д. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик:

- Заман өзгереді, заман құбылады. Бірақ құбылмайтын құбылыс бар. Ол біздің ұлы тұлғаларымыз. Қандай заман болмасын, Абай өзгермейді, Жамбыл өзгермейді. Өйткені бұлар ұлттық бренд, ұлттық кодымыз. Ұлттық намысымыз, ұлттық жолымыз. Сондықтан Жамбыл бабамызға арналған көрменің өте биік деңгейде өтетініне сенімдімін.