Берлинде Қазақстанға арналған фотокөрме ашылды

Германия астанасы Берлин қаласында «Табиғат, мәдениет, халық. Таң қалдыратын Қазақстан» атты фотокөрме ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен астана күніне орайластырылған. Көрмені Германиядағы елшілігіміз бен «Қазан» қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Берлиннің ең ірі сауда орталығында киіз үй бой көтерді. Мұнда шапан киіп, домбыра тартуға болады. Сондай-ақ ұлттық әуендеріміз шырқалады.

Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Құрманғазы мен Дина Нұрпейісовның күйлері мен халық әндерінен құралған ерекше бағдарлама әзірлеп келді. Өнерпаздарымыздың құлақтың құрышын қандыратын дауысы мен шеберлігі жергілікті көрермендерді таң қалдырды.

Биргит Ветцель, журналист:

- Маған қазақ музыкасы өте ұнайды. Тіпті бірнеше диск сатып алдым. Сондай-ақ концертті бейнеге түсіріп алдым. Солист қыздың дауысы көңілімнен шықты. Бұл бейнені міндетті түрде әлеуметтік желілерге шығарамын. Көрме Қазақстанды керемет жарнамалайды деп санаймын. Бірден еліңізге барғың келеді.

Фотокөрмеде шарын шатқалы мен әсем астанамыздың, кең байтақ дала мен жылқы үйірлерінің суреттері қойылған. Келушілер Қазақстанға саяхаттағандай әсерде қалып, елімізді жақынырақ тануға мүмкіндік алды.

Маттиас Люттенберг, ГФР СІМ Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық сауалдары жөнінде уәкілі:

- Көрме маған өте ұнады. Әсіресе, музыка мен әртістеріңіздің шеберлігіне тәнті болдым. Берлинде қазақ музыкасын тыңдау керемет ғой. Олар бізге Қазақстанның бір бөлігін сыйлады. Өкінішке қарай, әлі еліңізде болған жоқпын, бірақ өте барғым келеді. Қазақстанның барлық тұрғынын Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын! Осы мезгілде еліңіз қатты өзгерді. Сіздерге тек гүлдене беруді тілеймін!

Рабига Хайнц, Берлин қаласының тұрғыны:

- Германияда тұрғаныма 28 жыл болды. Жүрегімнің соғуын сезіп тұрмын. Осы музыка мен табиғат, Қазақстан мұның бәрін  Берлин орталығында бізге көрсеткісі келеді. Өзіміздің көлдер мен таулар. білесіз бе, сөзім жетпей тұр, бірақ өте ризамын.

Қазақстанға арналған көрме Берлинде екі апта бойы өтеді. Осыдан кейін ұйымдастырушылар инсталляцияны Франкфурт және Мюнхен тұрғындарына да ұсынбақ.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский