Бөкей хандығының сол қалпы сақталған кешендері жаңартуды талап етеді

Бөкей хандығының әлі күнге қаз қалпында сақталған тарихи кешендері жаңғыртуды талап етеді.

Батыс Қазақстан облысының Хан Ордасы ауылы туризмге сұранып тұрғанымен инфрақұрылым көңіл көншітер емес. Аймақ басшысы Ғали Есқалиев БАҚ өкілдерімен кездесуде Бөкей хандығының 225 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары биыл басталатынын айтты. Мерейтой қарсаңында елді мекенде визит орталығы мен әкімшілік ғимарат салынбақ. Құрылысқа қажетті қаражат жер қойнауын пайдаланушы компаниямен арадағы әлеуметтік бағдарлама есебінен қарастырылған. Бұдан бөлек жергілікті маңызы бар автожол жөнделіп жатыр. Ал министрліктің 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттік жоспарына облыстағы тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру мақсатында 1 млрд теңгеге өтініш жіберілген.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

- Жобалық жұмыстары бітті. Енді биылдан бастап реконструкция, қайттан жаңарту жобаларын іске асыруымыз қажет. Хан Ордасының ішіндегі біздің мұражайларымызды, басқа ескі, көне ғимараттарымызды қалпына келтіру немесе қасына жаңа ғимараттар салу үлкен жоба болады. Үлкен жолдан Хан Ордасына апаратын 24 шақырымды былтыр бастап кеттік. Оны биыл бітіруіміз керек.