«Dior музасы» қытай тілінде жарыққа шықты

Бүгін Алматыда әйгілі Кристиан Диордың музасы аты аңызға айналған париждік манекенші, этникалық қазақ қызы туралы кітап қытай тілінде жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Бейжіңнің ірі баспаларының бірінде басылды. Авторы экономист-ғалым, дипломат – Берлин Иришев. Ол Франциядағы қазақстандықтардың қауымдастығын басқарады. Кітап қаны қазақ француз моделі Алла Елшіннің өмірі туралы. Оның әкесі Қуантхан 1936 жылы Алланы Парижге Шанхай портында шығарып саларда, қызы Шанхайға сән әлемінің жұлдызы болып «қайтып оралады» деп ойламаса керек. Кітапта оның жалғыз ұлының естеліктері, отбасылық суреттер мен өнертанушылардың сараптамалық пікірлері басылған. Туынды тақауда Нью-Йоркте ағылшын тілінде оқырманға жол тартады. Сәнқой қызымыз бұл шаһардағы Диор сән үйінің елшісі болған. АҚШ-та Эрнест Хеменгуэй, Джон Стейнбек, Ирвин Шоу, Элизабет Тейлор және Джаклин Кеннедимен араласып тұрған. Ол «шығыстың інжу-маржаны» деген атаққа ие болады. Ал Диордың Париждегі галереясында атақты дизайнер әдейілеп Алла үшін тіккен керемет көйлек көпшілік назарына ұсынылған.

Берлин Иришев, «Dior музасы» кітабынің авторы:

– Біз үшін бұл қуанарлық жағдай. Себебі «Диор музасы» қытайлық қалың оқырманға жол тартып отыр. Ол өзі қытайда туылған. Бүгінгі таңда Алланың образы бүкіл әлемге таныс.