Қарақалпақстанда түркілерге ортақ Сүлеймен Бақырғанидың мұрасы зерттеліп жатыр

Қарақалпақстанда түркі әлеміне ортақ тарихи деректер кеңінен зерттеліп жатыр. 11-12 ғасырларда өмір сүрген Сүлеймен Бақырғанидің көне мешіті табылып, археологиялық жұмыстар басталып кеткен. Ал бабаның кіндік қаны тамған Түркістанда ежелгі ауыз әдебиеті жинақталып, кітап болып басылып шықты. Ғұламаның Орталық Азия халықтарына тигізген пайдасы қандай? Қазаққа қаншалықты қатысы бар? 

Бұл Қарақалпақстанның оңтүстік-батысындағы Қоңырат ауданы. Ежелден Орталық Азия халықтарына жайлы қоныс болған жер. Қазір де түрлі ұлт өкілдері тұрады. Көбінің түп-тамыры түркі дүниесімен байланысты. Ғұламалары да бір. Тарихта Хәкім ата аталып кеткен Сүлеймен Бақырғани осы өлкеде мәңгілік мекен тапқан. 2017 жылы мазар басында алып кесене тұрғызылды. Онымен қоса кітапхана, мейман тұрақтайтын орындар салынды. Зияратшылар ішінде Түркістаннан келетін баба ұрпақтары да бар.

Дариябай Шарапиев, Достық ауылының тұрғыны:

- Түркі халықтарына бөлінбес бұрын өмір сүрген адам. Барлығына ортақ. Ертеректе болғаннан кейін жазба деректері өте аз. Бір-екі кітабы сақталған. Бибі-Мариям, Ақырзаман деген. Мешітімізде бар. Сейітқожа тармағынан деп айтылады.

Сүлеймен хәкім Қожа Ахмет Ясауи шәкірттерінің бірі болған. Түркістанда дүниеге келіп, Әзірет Сұлтаннан тәлім алады. Аңыз бойынша ойсылқара төлімен сапар шегіп жүріп, Қоңырат елді мекенінде тұрақтайды. Аймақта дін таратады. Ғалымдар жақын маңда ғұламаның мешіт-медресесі табылғанын алға тартып отыр. Арнайы археологиялық жұмыстар басталған. Демек түркі дүниесі, соның ішінде қазақ пен қарақалпаққа қатысты құнды деректер артады деген сөз.

Сайфиддин Райфиддинов, Өзбекстан Ғылым академиясының аға қызметкері, доцент:

- Қазақстандық ғалымдар Сүлеймен хәкімнің толық хикметтерін тауып, жариялады. Жалпы саны 300-ден асады. Қазақ тілінде жарық көрді. Бұның бірде-бірі Өзбекстанда жарияланған жоқ. Алдағы уақытта осы кемшіліктің орнын толтырамыз. Қазақстаннан көшірмесін алуды көздеп отырмыз.

Ел билігі жер-жерден жиналған тарихшыларды тың зерттеу жүргізуге ынталандырып отыр. Қарақалпақстанда әлі де тылсым сыры ашылмаған орындар көп. Айталық 19 ғасырда қазақтың ұлт азаттық көтерілісін бастаған Сырым Датұлы ел аузында ғайып баба аталып келді. Оған неліктен мұндай есімнің берілгені беймәлім. Мәңгілік дамыл тапқан мекенін жаудан жасыру үшін деген деректер айтылады. Бір белгілісі екі елдің ежелден базары ғана емес, мазары да бір. Ортақ тарих бүгінге дейін сақталып, көздің қарашығындай қорғалып келеді.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатуляганов