Қазақ тарихы тың деректермен толығады

Ғалымдарымыз жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық жинағын аяқтауға жақын. Көптомдық желтоқсан айында басылып шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы «Жаңа Қазақстан һәм Шығыс әлемі: ынтымақтастық тарихы, болашағы және өзекті мәселелер» атты халықаралық конференцияда айтылды. Жинақ тың деректермен толығады. Шығыстану институтының мамандары Араб, Қытай, Түрік, Моңғол дереккөздерімен шектеліп қалмай, Европа елдерінің архивтерінде жұмыс істеген. Қазақ хандығы мен басқа мемлекеттердің арасындағы байланыс зерттелген. Мысалы, швейцариялық саяхатшы Анри Мозер 1868-1869 жылдары қазақ жеріне келіп, құнды жазбалар қалдырған. Оған қоса Ватикан мұрағатынан да біздің елге қатысты деректер табылған.

Ғалымжан Дүйсен, ҚР ҰҒА шығыстану институты бас директорының орынбасары:

– Бұл жеті томдықтың негізгі мақсаты – Қазақстан тарихын жаңа көзқараспен тану. Сол үшін, әсіресе, біздің Шығыстану институты бұрын-соңды ғылыми айналымға енгізілмеген шығыс, батыс, еуропалық архив материалдарын сол тілдерде жазылғандарды қазақ тіліне аударып, соларды ғылыми айналымға енгізу болып табылады.