Түркістан музыкалық драма театрында «Мағжан» спектаклі сахналанады

Түркістан музыкалық драма театрында «Мағжан» спектаклі қойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас драматург Алмас Нүсіптің ұлы ақын, ғалым, аудармашы, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаев жайындағы еңбегі алдағы сенбі, жексенбі күндері көрермен назарына ұсынылады. Бұл туралы театр ұжымының журналистермен кездесуінде айтылды. Сахналық қойылымның идея авторы және көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың айтуынша, көрермен спектакльден жас Мағжанның, өмірге ғашық ақынның, басын қатерге тіккен қайраткердің және қазақ халқының ауыр тағдырын көре алады. Қойылымды италиялық режиссер Давид Ливермор (Davide Livermore) сахналайды. Ал Мағжан бейнесін белігілі, талантты әртіс Еркебұлан Дайыров сомдайды. Мамандардың айтуынша, рөлдерде ойнайтын актерлердің дені жастар. Мағжан ақын өзі жырлап өткендей «Мен жастарға сенемін» идеясы Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында жалғасын таппақ.

Еркебұлан Дайыров, актер:

- Осындай уақытта Мағжанды көбірек сахыналау, оны жарнамалау, жастардың қызығушылығын тудыру, Мағжан атамыздың тек шығармашылығына емес, оның ел үшін қандай тірлікке араласа білді, қандай батырлыққа, қандай жанкештілікке бара білді, осындай дүниелерді де біз сахнадан көрсететін боламыз.