Алматыда Алаш арыстары туралы комикс жарық көрді
Алматыда Алаш арыстары туралы алғашқы комикс форматындағы кітаптар жарық көрді. Қалың оқырманға таныстырылған сериалық туындының дизайны да, форматы да тың, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Ұлтымның өр тұлғаларынан өнеге аламын» деп аталған кітап 500 данамен шыққан. Комикс тәсілімен жасалған 3 кітап Біләл Сүлеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров және Мағжан Жұмабаевтың өмірінен сыр шертеді. Биыл бұл үш арыстың туғанына 130 жыл толды. Кітап бастауыш сынып оқушыларына арналғандықтан қысқа жазылып, тақырыпқа сай суреттермен толықтырылған. 10 беттік туындының ішінде Алаш арыстары туралы негізгі ой жинақталған. Авторлар тарихи тұлғаларды заман талабына сай дәріптеуді жөн көріпті. Алаштанушылар енді 97 қайраткердің өмір жолын осы форматта басып шығармақ. Одан әрі орта мектеп оқушыларына арнап тереңдетілген сериялық кітаптар шығару жоспары бар.
Елдос Тоқтарбай, алаштанушы-ғалым:
- Бұл кітапта тұлғалардың өміріндегі ең маңызды, ең керек деген сұрақтарға жауап қамтылды. Ол қанша тілді білді, шет тілдерін қалай үйренді, абақтыда, айдауда, қуғын-сүргінде жатқанда елден артық мәселені түсінбеген. Елдің, ұлттың мүддесін қара басының мүддесінен биік қойған, яғни бәріне дайын деген сөз. Бізге сондай азаматтар керек еді. Сондықтан төл тарихымыздағы есімі ешқашан ұмытылмайтын Алаштың ақтаңдақ есімдерін жаңғырту – ұрпақ парызы, міндеті.