Павлодарда танымал опера әншісі Мария Мудряктың шеберлік сағаты өтті
Мұндай бастамаға Марияның өзі ұйытқы болған. Кездесуге студенттер, вокалдан сабақ беріп жүрген ұстаздар және қарапайым қала тұрғындары да келді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мария Мудряктың алғашқы шеберлік сағаты. Опера жұлдызы оны туған жерінде және өзі шыңдалған шаңырақта өткізді.
Даяна Қабиденова – музыкалық колледждің 3 курс студенті. Ол келешекте Мария Мудряктың жолын қуып, атақты опера әншісі болуды армандайды.
Даяна Қабиденова, студент:
- Мен әнімді нақышына келтіріп орындауға барынша тырыстым. Мария Мудряк маған әннің мәтінімен жұмыс істеу керектігін айтты. Себебі мен итальян тілін білмеймін.
Музыкалық колледждің залында ине шаншар орын болмады. Әншіні қаумалаған жұрт ән салуын өтінді. Пандемияға орай бірнеше жыл Павлодарға келе алмаған Ертістің ерке қызы туған жерін сағыныпты.
Мария Мудряк, опера әншісі:
- Павлодар – өте әдемі қала. Келген сайын жағымды өзгерістерді байқаймын. Үйлер ашық түске боялған. Таза, ең бастысы, адамдарын жақсы көремін. Қаланың жүрегі ол тұрып жатқан адамдары емес пе?
Алғашқы шеберлік сағатына 5 әнші қатысты. Мария олардың әрбірімен жекелей жұмыс істеді.
Мария Мудряк, опера әншісі:
- Дайындығы жоғары, өте мықты әншілердің өсіп келе жатқанына куә болдым. Ары қарай дамыту керек. Бәрі бірдей опера әншісі болмайды ғой. Дегенмен де Қазақстанды әлемге танытатын жаңа жұлдыздар шығатынына кәміл сенемін.
Мария Мудряк бүгінде әлем сахналарында өнер көрсетеді және Астана опера солисі. Жуық арада ол Италияға қайта оралады. Өйткені көптеген мемлекеттерде әншінің қатысуымен өтетін қойылымдар мен концерттер жоспарланған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.