Қазақстандық дизайнер Лондондағы байқаудан бірінші орын алды
Атыраулық дизайнер Назерке Ищанова Лондонда өткен халықаралық «Алтын таланттар уақыты» байқауында бірінші орынды жеңіп алды.
Байқау 2007 жылдан бері тұрақты түрде өткізіледі. Онлайн форматта өткен биылғы сайысқа әлемнің 39 елінен 200-ге тарта үміткер еңбегін ұсыныпты. Соның ішінде атыраулық жас дизайнердің «Ер Исатай» шығармасы озық деп танылды. Жас дизайнер жүзден жүйріктер сыналатын халықаралық сайысқа алғаш қатысып, ел мәртебесін көтерді.
Назерке Ищанова, халықаралық байқаудың жүлдегері:
- Оның әлеуметтік желіден жарнамасын көрдім. Соған қатысып, өзімді сынап көрейін деп қатыстым. Байқау әртүрлі жасқа бөлінеді. Балалар, орта жас, үлкендер дегендей. Біз 31-мен 50 жас аралығындағы сайысқа қатыстық. Мен қазір «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесімін. Алашордалықтардың қазақтың сол кездегі атылып кеткен, жоқтаушысы жоқ арыстарымызды қазаққа, мына жас буынға таныту үшін жұмыстанып жатырмын.