Павлодардағы музейде ерекше көрме жұмысын бастады
19-20 ғасырда қазақ әйелдері тұтынған сәндік бұйымдар.
Павлодардағы Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде осындай ерекше көрме жұмысын бастады. Онда күмістен жасалған әшекейлердің алуан түрі көрсетіледі. Әсіресе жәдігерлердің қатарындағы 1825 жылы жасалған, күміс тарақ пен басқа тағатын әшекей көз тартады. Себебі халқымыздың мәдениетінде күміс ерекше орын алған. Бағзы заманнан бері қолданылатын бағалы металл бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Музей қорында бас білезік, қос білезік, бала білезік, тана, шол-пы, алқа, қап-сырма сынды, көптеген сәндік бұйымдар сақталған. Олардың бәрі асыл тастармен көмкеріліпті. Күміс қобдишалар мен ыдыстар да бар. Қыз балалар өзімен бірге алып жүрген қанжар да жәдігерлер қатарын толтырып тұр. Музей қызметкерлерінің айтуынша, қазақ халқы зергерлік бұйымдарды тек сәндік мақсатта қолданбаған. Олардың атқаратын нақты бір миссиясы болған.
Камила Байболова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
- Әрбір күмістен жасалған әшекейдің өзінің міндеті бар. Екі саусаққа киетін үлкен сақина бар. Осындай сақинаны құдаласқан кезде қыздың әке-шешесі күйеу жігіттің ата-анасына сыйлайды. Тағы да бір әшекей ол құстұмсық сақинасы. Осы сақинаны қыз ұзатылған кезде анасы сыйлайды қызына. Осы сақинаны бір жылдан соң қыз өз анасына әкелген. Солай ол өзінің аман-есен екенін білдірген.