Павлодарда классикалық музыка жауһарлары орындалады
Павлодар облысы симфониялық оркестрінің әртістері көрермендерге тосынсый әзірлеп жатыр. Өнерпаздар классикалық музыка концертін өткізбек. Шығармашылық кеш барысында әлемге танымал туындылар орындалмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оркестр әртістері соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Бұл концерт бұрынғыдан өзгерек. Олар сүйікті көрермендері үшін классикалық музыканың жауһарларын тарту етеді. Сондай-ақ жиі орындала бермейтін, техникалық жағынан күрделі туындыларды таныстырады.
Дастан Ибрагимов, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрі дирижері:
- Концертімізде Чайковскийдің әлемге ең танымал, әйгілі «Аққу көлі» шығармасы және аса танымал емес, бірақ терең ойлығымен, өзінің қысқы бейнесін суреттеуімен және өзінің шығармашылық мақсаты жағынан еш кем емес – «Бірінші симфония» орындалады.
Ал оркестрдің шығармашылық мақсаты – композитор Петр Чайковскийді әлемге музыка сыншысы ретінде танытқан «Қысқы ойлар» шығармасын тағы бір мәрте орындау. Туынды филармонияның сахнасында соңғы рет 10 жыл бұрын паш етілген.
Дастан Ибрагимов, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрі дирижері:
- Бірінші шығармаға қарағанда «Аққу көлі» сюитасы әлемге өте танымал. Бүкел елдерде, қай жерде оркест бар, ол жерде «Аққу көлі» мен «Щелкунчик» шығармалары ойналады. Бірінші симфонияны айтсақ, ол –адамның ішкі дүниесіне арналған сюита. Адамның қысқы мезгілдері терең ойлары. Қатты көп айтқым келмейді, әр көрермен өздері жеке пікірлерін айтады деген сенімдемін.
Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану магистрі Диана Мұқатова үшін бұл – дебюттік концерт. Жас музыкант жаңа ұжымдағы алғашқы концентін тағатсыздана күтіп жүр.
Диана Мұқатова, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрі музыканты:
- Бұған дейін өзге ұжымдарда жұмыс істедім. Астана, Көкшетау қалаларының әртістерімен бірге концерттерге қатыстым. Осы бағдарлама аса қызықты және мен үшін алғашқы тәжірибе. Әр көрермен классикалық музыкадан шабыт алады деген үміттемін.
Иоганнес Брамстың «Трагедиялық увертюралары», Петр Чайковскийдің «Аққу көлі». Бұл – концерт барысында орындалатын өнер туындыларының бір парасы ғана. Өзге ақпарат әзірге құпия күйінде. Көрермен өз бағасын бере жатар, - дейді ұжым өкілдері.
Авторлары: Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат.