Астанадағы Ұлттық музейде екі бірдей зал ашылды
Ұлттық музейде екі бірдей зал ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар – «Қолөнершілер орталығы» және «Палеонтология». Бірінші экспозицияның өзі 2 бөлімнен тұрады: «Кәдесый мен имидждік өнімдер» бөлімі және заманауи шеберлердің қолынан шыққан «Сәндік-қолданбалы өнер туындылары». Ал палеонтологиялық залда Қазақстан аумағын геологиялық дәуірде мекендеген омыртқалы тіршілік иелерінің әлемі көрсетілген. Жаңа жәдігерлерді көруге келіп жатқандардың қарасы көп.
Ұлттық музейдегі «Палеонтология» залында тираннозавр, үш саусақты гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы және мамонт сияқты ежелгі дәуірлерде тіршілік еткен жануарлардың қаңқасы жинақталған.
Айгерім Жұмағұлова, Ұлттық музейдің экскурсия жетекшісі:
- Палеонтология залында ұсынылған жәдігерлердің барлығы Қазақстан аумағынан анықталды. Басым бөлігі Маңғыстау, батыс Қазақстан, оңтүстік-шығыс, шығыс, солтүстік-шығыс Қазақстаннан анықталды. Зал экспозициясы палеозой дәуірінен бастау алады. 538 млн жыл бұрын тіршілік иелерінің тарихымен таныстырады. Палеозой, мезозой және кайнозой дәуірлерімен мерзімделетін жәдігерлер ұсынылған.
1912 жылы Торғай өлкесінен алғаш рет алып мүйізтұмсықтың сүйегі табылып, ғалымдар оған «индрикотерий» деген атау берген болатын. Бірақ көптің қызығушылығын тудыратын динозавр – Тирекс. Тираннозаврдың қаңқасы Қызылорда облысы аумағынан табылды. Біздің заманымызға дейін 65 млн жыл бұрынғы жыртқыш сүйегінің көшірмесі таныстырылды.
Айгерім Жұмағұлова, Ұлттық музейдің экскурсия жетекшісі:
- Кішкентай бүлдіршіндерге бояуға арналған қаламсаптар, қағаздар ұсынылған. Одан бөлек, зал соңғы заманауи технологиялармен жабдықталған. Touch-скриндерде қонақтар экспонаттар туралы қосымша ақпаратты 3 тілде ала алады.
Көрмеге келген кішкентай көрермендердің қатарында Амира да бар. Оның палеонтологияға деген қызығушылығы 2 сыныпта басталған. Өскенде білікті палеонтолог маманы болғысы келеді.
Амира Балаған, көрмеге келуші:
- Мен бұл салаға 2017 жылы қызыға бастадым. Динозаврлар – Жер бетінде бізге дейін өмір сүрген тіршілік иесі. Тарихи тұрғыда мен үшін олардың өмірі, аңшылығы, эволюциясы өте қызық. Жер бетінен жойылу себебін бірі метеориттің құлауынан десе, енді бірі жанартаулардың атқылауынан болды деп түсіндіреді. Бірақ бұл – жай теория.
Зал экспозициясы Франция, АҚШ, Ұлыбритания және Германиядағы алдыңғы қатарлы музейлердің тәжірибесіне негізделген. Келушілердің назарына жалпы 200-ден астам жәдігер ұсынылды. Оқушылар мен студенттерге арналған квест-ойындар да бар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев.