Қарағандыда халықаралық поэзия фестивалі басталды

Кеншілер қаласында «Қарағанды көктемі» деп аталатын халықаралық поэзия фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рухани кешке Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Маралтай Райымбекұлы секілді танымал ақындарымен қатар қазақ өлеңіне олжа салған орта буын өкілдері қатысты. Кейінгі толқын да осы жерде. Сонымен қатар Әзербайжан, Өзбекстан және Түркия елінен қаламгерлер арнайы келді. Ақындар жиналып, Арқа төсінде адуынды жырларын оқыды. Осылайша, шартараптан келген  шайырлар шаһарды көктем шуағына бөледі.

Шара 2 күнге жалғасады. Фестивальдің ең басты жаңалығы – үздік 2 жас ақынның жырлары жинақ болып басылады. 

Жанат Жаңқашұлы, Қазақстан жазушылар одағы ҚОФ төрағасы:

- Осы фестивальдің аясында жас ақындардың 2 кітабын шығаруды жоспарлап отырмыз. Енді оны Қарағанды университеті ұйымдастырып отырған. 2 ақынды мына жердегі Светқали Нұржанов, Маралтай ағаларымыз, үлкен ақындар келіп жатыр ғой, Ұлықбек ағаларымыз деген секілді, солар анықтайды. Солардың алдында жастар өлең оқиды. Соның ішінен осы ақсақалдар ХХ ғасырдың тұлғалары ХХІ ғасырдың тұлғасын анықтайды деп ойлаймыз. Мынау бірінші жыл ғой, мұны енді дәстүрлі дүниенің басы деп қарауымыз керек.