Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын кітаптың тұсауы кесілді
Жыл сайын 100-ге жуық әлемнің үздік әдеби туындылары қазақ тіліне аударылады.
Отандық жазушылардың да еңбектері ұдайы жарық көріп келеді.
Осы орайда Астанада жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін кітап жәрмеңкесі аясында ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған «Қош келдің, әз-Наурыз!» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Алматыкітап баспасы Директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Нығметқызы Баталованың жобалық жетекшілігімен жарық көрген ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, ерекше - сандық дизайндағы - Қош келдің, әз-Наурыз!» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа кітапта Наурыз мерекенің шығу тегі, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы және дастарханға қойылатын тағамдар мен қонақ күту ережелері жіті зерделеніп, жазылған. Кітап авторы Бақыт Оспанованың айтуынша сандық түрінде жасалған көркем туынды балалар мен саяхаттап келген қала қонақтарына құнды дүние болары сөзсіз.
Бақыт Оспанова, кітап авторы:
- Бұл кітап үш тілде шықты. Ағылшынша, орысша және қазақша. Бұл кітаптың ерекшелігі ішінде QR-кодта бар. Сосын бояйтын керемет картинасы мен пазлдар бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін өткізудің басты мақсаты – қатысушылардың әдеби мұрасын дамыту мен оқырман мәдениетін қалыптастыру.
Гүлмарал Қабдолашева, жобалық PR бөлімі басшысы:
- Алматыкітап баспасы ірі баспа ретінде 2021 жылы “TopIQ” тұңғыш электрондық оқулықтар платформасын жасап шығарды. Біз ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған кітаптарды, мысалы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, қазақтың киімдері сияқты кітаптарды шығаруға тырысамыз.
Айта кетейік, кітап көрмесіне 70-тен астам баспа, кітап саудасы, ғылыми білім беру ұйымдары және полиграфиялық компаниялар қатысып жатыр. Көрме барысында 6 аталым бойынша «Жылдың ең үздік кітабы» анықталады және Алматыкітап баспасының дәл осы туындысы гран-при наградасына ие болды.
Ерлан Шаншархан, Ақылбек Есемсейітов