ТҮРКСОЙ ұйымының мерейтойы: Оралда фестиваль басталды
Түркі мәдениеті мен өнерін дамытып, түркітілдес мемлекеттерді рухани біріктіретін Түрксой ұйымының 30 жылдығына орай Оралда өнер шеберлерінің фестивалі басталды.
Оған әзербайжан, өзбек, түрік, қырғыз, татар және башқұрт суретшілері шақыртылыпты. Басты мақсат бауырлас елдер арасындағы достықты насихаттап, түркі әлемінің мәдени құндылықтарын тану және ортақ мәдени кеңістік қалыптастыру, дейді ұйымдастырушылар. Қылқалам шеберлері бір апта бойы қаладағы өнер мектептерінің шәкірттеріне шеберлік сағатын өткізді. Бірінші рет ұйымдастырылған суретшілер симпозиумы өнер шеберлерінің гала концертімен қорытындыланады.
Марат Қалиев, "Атамекен" өнер орталығының директоры:
- 23 мамырда осыған Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан және Татарстаннан өнерпаздар келе жатыр. Үлкен концерттік бағдарлама болады. Батыс Қазақстан эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен. Әдейі шараға Алматыдан дирижер-профессор Ахметов Қанат келе жатыр оркестрді басқаруға, келіңіз, көріңіз!
Сатыбалды Құлбеков, суретші:
- Көрмеден алған әсерім өте көп. Бүгін түркі елдерінің үлкен бір шығармашылық мейрамы Оралда, Атамекен сарайында. Осындай көрме болып жатырғанына, осындай түркі елдерінің азаматтары, суретшілері қатынасқанына өте қуаныштымыз. Және қаланың кісілері көреді, танысады. Сурет деген бәріне ортақ зат қой.