Алматыда «Музей түні» шарасы өтіп жатыр

Сирек экспонаттар, шығармашылық шеберханалар және мерекелік концерттер. Алматыда өткен «Музей түні» шарасы келушілерге жан-жақты бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіби мерекеге орай мегаполистің Орталық мұражайында бұрын көрмеге қойылмаған бірегей заттардың топтамалары алғаш рет қонақтар назарына ұсынылды. Олардың ішінде археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне мыс самаурындар коллекциясы, ортағасырлық қарулар бар. Қасиетті «Құран», «Тәурат» және «Інжіл» кітаптарының көне түпнұсқа даналары қойылды.

Сондай-ақ шара аясында мұражайда 8 көрме ұйымдастырылды. Солардың бірі – «XXI ғасырдың көшбасшылары мен атақты тұлғалары» экспозициясы. Бұл – кәсіби суретшілердің Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерімен бірге жасаған туындылары. Картиналарда тәуелсіз еліміздің даму барысы көрініс тапқан.

Ришида Харипова, ҚР Мемлекеттік орталық музей директоры:

- Бүгінгі іс-шараның ерекшелігі мұнда көптеген бұрын соңды көрерменнің назарына ұсынылмаған ерекше жәдігерлер алғаш рет ұсынылып отыр. Оның ішінде қару жарақтар коллекциясы, ерекше қорғауды қажет ететін жәдігерлеріміз соның ішінде атап өтуге болатын бұл Бибі Фатима ханымның  қамзолы сол кезден сақталып қалған. Сонымен қатар біздің археологтарымыз қолжазба және деректану бөлімінің мамандары да ерекше көрмелерді дайындады.