Отырар ауданының ардагерлер үйі шығармашылық орталығына айналды
Түркістан облысының Отырар ауданындағы ардагерлер үйін қарттардың шығармашылық орталығы деуге болады.
Мұнда келетін зейнеткерлердің бірі ән айтса, енді бірі өлең жазады.
«Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы өткен жылы ашылған. Бір жылдың ішінде зейнетке шыққан еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін бірегей ортаға айналған. Он саусағынан өнер тамған еңбек ардегері Оразкүл Ахметова қолы қалт еткенде осында келеді. Өзі құралпы зейнеткерлермен қауқылдасып, бой сергітеді. Кесте тігіп, тоқыма тоқитынын айтады.
- Мына аяқ киімді өзіңіз қолдан тоқсыз ба?
- Иа, өзім қолдан тоқимын. Табанын сатып аламын. Айналасында жіп бар, содан іліп алып, осылай тоқимын. Мынау үйге киетін домашный, мынау далаға киетін аяқ киім. Үйде қарап отырғанша ермек. Басқа да тоқымалар тоқимын. Көйлек, нски, орамал бар ма, бәрін тоқимын. Менің хоббиім бұл.
Мұнда ардагерлердің бос уақыттарын тиімді өткізіп, денсаулығы мен көңіл-күйін жақсартуға барлық мүмкіндік жасалған. Миды тынықтыратын сенсорлық бөлме, терапевт дәрігері мен массаж және тұзбен емдеу бөлмелері қызмет көрсетеді. Одан бөлек, бильярд ойнап, дене шынықтыратын жаттығу залы мен кітапхана қарастырылған. Орталық қызметіне қариялар дән риза.
Мырзахмет Темірбеков, Шәуілдір ауылының тұрғыны:
- Қарттар келіп осында уақытын өткізеді. Демалады, кең жақсы жайы бар. Бір қауым жігіттер бізге қызмет жасайды. Бәрі жақсы. Түрлі дәрумені бар, шайлары бар. Осындай қамқорлықты көріп жатырмыз.
Сондай-ақ мерекелік кештерде ән айтатын өнерлі әжелер тобы жасақталған. Олар аптасына 2-3 рет осында келіп, дайындықтарын пысықтайды.
Мұнда жылына 1200, ал күнделікті жүзге жуық зейнеткерге әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Бекжан Орынбасар, орталық басшысы:
- Ауданда 5 мыңға жуық зейнеткер болса, соның 24 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Орталықта әлеуметтік медициналық, әлеуметтік еңбектік, әлеуметтік педагогикалық, әлеуметтік тұрмыстық және әлеуметтік мәдени қызметтер көрсетіледі.
Жалпы мұнда күнделікті келушілерге 14 маман 10-нан аса қызмет түрін көрсетеді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов