Н.Бекежанов атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театры Алматыға гастрольмен барды
Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры Алматыға гастрольмен барды.
Бұл Сыр елі өнерпаздарының Алматы қаласына жасаған бесінші сапары. Сонау 1955 жылы құрылған театр труппасы көрерменге қандай тарту жасады?
Бұл кеште Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры көрерменге лық толды. Өнерсүйер қауымға Сыр елінен келген актерлер ақын Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты тарихи драмасын ұсынды. Қойылым бірлікті ту етеді. Жақын адамдардың арасындағы жанжал үлкен дауға ұласып, елдікке қауіп төнгенде Қазына ана кесек шешімін айтып, арағайындық танытады. Гастрольге Қызылорда облысының әкімдігі қолдау көрсетіпті.
Серік Жақсығұлов, Н. Бекежанов атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театры директорының орынбасары:
- Осыған арнайы қаражат бөлдіріп, Алматының төрінде осы әкемтеатр Әуезовте өзіміздің қойылымдарымызды қойып талғамы биік көрерменге ұсынуға жол ашты деуге болады. Үлкені, жасы, орта жастағысы театрдың труппасында ұзын сойы 80-ге жуық актеріміз бар.
Бүгін Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы сахналанды. Ал ертең Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиләсі» қойылады. Режиссер Дина Жұмабаева повесьті сахналап отыр. Оның «Жәмиләсі» экспериментальдық спектакльдердің фестивалінде «Ең үздік шешім» номинациясына ие болыпты. Алматылық көрерменнің көңілінен шығатыны да сөзсіз.
Хұсейн Әмір-Темір, режиссер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Алматыға біз жәй келмейміз. Алматыға өзіміздің өнерімізді көрсету үшін келеміз. Өзімізді сынау үшін келеміз. Өйткені бұнда үлкен орта бар. Өнер ортасы бар. Әдебиет ортасы бар. Ең мықты деген. Осы үш спектакльді алып келуге біз шешім қабылдадық.
Бұл Нартай Бекежанов атындағы театрдың Алматыға бесінші сапары екен. Мұндай гастрольдер өнер ұжымының шыңдалып, өңірлердің арасындағы мәдени байланыстың нығаюуына септігін тигізеді.
Ұлан Нарынбек, Сұлтан Бейсекенов