Визасыз режим – елге турист тартудың басты тетігі
Әлемдегі 86 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Кейбірі 30 күнге дейін, ал енді бірі 3 айға дейін.
Биылғы қаңтар мен шілде айының аралығында елдегі қонақүйлерге 730 мыңға жуық шетел азаматы тоқтаған. Келген шетелдіктердің біразы коучсерфинг арқылы да қазақстандықтардың үйін паналайды. Елге келген туристердің әсері қандай?
Якутиялық Александр Ивановтың ептеп шаңқобыз тартатын өнері бар. Өзі автостоппен Қазақстанның біраз қаласын шарлап шыққан. Айтуынша, жолда көлік тоқтатпас бұрын, осылай аспабында ойнап, дұға тілейді екен.
Александр Иванов, якутиялық турист:
- Біз аспан мен жердің тәңіріне сенеміз ғой. Сапарға шыққанда «жолымыз ашық болсын, жақсы адамдар кездессін деп» жолға ас тарту ырымын жасаймыз. Яғни, жолға нан немесе құймақты қоямыз. Сосын осылай шаңқобызда ойнаймыз. Сөйтіп, сапарымыз сәтті өтсін деп тілейміз.
Якутия азаматы коучсерфинг сервисі арқылы өз үйінде талай мейманды күткен. Алыс-жақын шетелден келетін қонақтар оған шаңқобыздарын сыйлап кетеді екен. Шағын топтамасына бұл жолы қазақ аспабы қосылды. «Қазақстандағы саяхатым мен ойлағаннан да асып түсті», дейді Александр.
Александр Иванов, якутиялық турист:
- Астанадан Қарағандыға жолға шыққанымыз қызық болды. Үш жолаушы жолдың бойына кештете шыққан едік. Бізді Досмұқасан есімді азамат көлігіне мінгізді. Сөйтсе, ол сондағы ұн тарту зауытының басшысы болып шықты. Ол бізді өзінің туысындай жақсы күтті. Біз оның қонақжайлығына таңқалдық. Өз пәтеріне апарып қондырды. Қаланы аралатты, небір мейрамханадан дәм татқызды. Біз оған қатты риза болдық.
Александрдың айтуынша, еліміздегі коучсерфинг сервисі үлкен қалаларда жақсы дамыған. Ауылды жерде жоқ. Бірақ ауыл халқы онсыз-ақ Құдайы қонағын сыйлап күтіп алады. Жалпы елімізде коучсерфингке тіркелген 178 мыңнан астам адам шетелдік меймандарды күтіп ала алады. 315 мың адам солардың үйінде түнеп, Қазақстанды араламақ ниетте.
Қонақүйлерге аялдайтын меймандарға тоқталсақ: биыл 7 айда e-Qonaq жүйесінде 728 мың 876 шетелдік турист тіркелген. Алматы, Атырау, Маңғыстау облыстарының қонақүйлері ең көп мейман қабылдаған өңірлер қатарында. 250 мыңға жуығы Алматыдағы қонақүйлерді таңдаған. Одан кейін қонақүйде көп тоқтайтындардың үлесі Астанаға тиесілі. Мұнда 130 мыңға жуық турист келді. Солардың бірі - румыниялық Овидио Драгулино. Алғаш рет бас шаһарға қыста, жаңа жылды тойлау үшін қыдырып келген.
Овидио Драгулин, румыниялық турист:
– Негізі, қызық болды. Мен Қазақстаннан көп нәрсе күтпедім де. Соншалық әдемі ел деп ойламаппын. Мұнда көретін нәрсе баршылық. Қалың қарды алғаш көдім. Еуропада қар мұнша көп жаумайды. Айналаның бәрі аппақ түске малынып тұрады. Өте әдемі. Адамдар да еуропалықтар сияқты емес, жайбарақат әрі өте қонақжай. Өзімді осында жайлы сезінемін.
Елорданың дәмін, халқын ұнатқан Овидио осы жолы досын ертіп келіпті. Жазғы Астанаға тамсанған олар алдағы уақытта қайта келіп, Алматы өңірін араламақ ниетте. Жалпы, Еуропа азаматтары Қазақстанда 90 күнге дейін визасыз жүре алады. Тек бұны екінің бірі біле бермейтін көрінеді. Қазақстанды Кәрі құрлықта көбірек жарнамаласа – адамдардың мұнда ағылып келетіні сөзсіз, дейді Румыния азаматтары.