Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндері өтіп жатыр
Астанада Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы мәдениет күндерін атап өту басталды.
Екі елдің кинематографистері бас қосқан шарада өнер саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ кинотеатр залында тәжік халқының 1970 жылдардағы әйгілі фильмдері көпшілік назарына ұсынылды.
1993 жылы алғаш рет Қазақстан мен Тәжікстан арасында дипломатиялық қатынас орнады. Бүгінде екі елдің ынтамақтастығы нығая түскен. Тәжік халқының Мәдениет күндері Қазақстанда кеңінен аталып өтіп жатыр. Айтулы күннің бастауы – әйгілі Фердоусидің «Шахнамэ» эпопеясы мотивімен түсірілген «Рустам мен Сухроб» фильмінің көрсетілімі болды.
Сафар Хакдод, Тәжікстан республикасы кинематографистер одағының төрағасы:
- «Рустам мен Сухроб» кинофильмі 1970 жылдары түсірілген. Фильмде достық пен сатқындық, сүйіспеншілік пен арамдық көріністерін байқауға болады. Негізі бұл жылдары Қазақстанның да көптеген туындысы жарық көрді. Әсіресе актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың кинолары есімізде сақталған. Бұрын тәжік пен қазақтың кино саласында тарихи туындылар көп түсірілетін.
Алғаш рет 2008 жылы Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында Қазақстанның Мәдениет күні аталып өткен. Содан бері мұндай шараларды қос мемлекетте бірдей тойлау дәстүрге айналды. Қазір екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы айырықша даму үстінде.
Ерік Жолжақсынов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:
- Мандело айтқан екен «Егер мәдениет пен тіл жоғалса, шекараңды ашып таста. Неңді кімнен қорғайсың? Ол елдің өлгені» дейді. Ал бүгін бізде Құдайға шүкір тіліміз да, дініміз де, өнеріміз де, мәдениетміз де жоғары, өркениетті елдердің қатарында.
Елордада Қазақстан мен Тәжікстан мемлекет басшыларының қатысуымен салтанатты концерт өтеді.