Қызылордада симфониялық оркестрдің алғашқы концерті өтті. LIVE
Қызылорда облысының 85 жылдығына орай өңірде тұңғыш рет симфониялық оркестр құрылды.
Өнер ұжымының құрамына ішекті, үрмелі, ұрмалы аспаптарды жетік меңгерген 30 кәсіби музыкант қабылданған. Бүгін айтулы өнерпаздар алғаш рет концерт беріп жатыр. Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрынан Сыр өңіріндегі әріптесім Нұрлан Жақыпбеков тікелей эфирге қосылды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Қайырлы кеш! Симфониялық оркестрдің құрылуы Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойы қарсаңындағы ерекше тартулардың бірі болды. 50 жылдық тарихы бар облыстық филармонияның биыл материалдық базасы нығайтылды. Су жаңа музыкалық аспаптарды қолына алған майталман музыканттар әсем ән мен тәтті күйді төгілтуде. Бағдарламада елімізде сирек орындалатын күрделі туындылар да қамтылған.
Өнер ұжымы 50-ден аса маманнан жасақталған. Оның ішінде ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптардың құлағында ойнайтын 30 кәсіби музыкант бар. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе. Көңілді шалқытып, бойды балқытқан шығармалар қатарында композитор Ахмет Жұбановтың «Абай симфониялық сюитасы», әрбір симфониялық оркестр орындауы тиіс күрделі шығарма – Шуберттің «Аяқталмаған симфония» туындысы және қазақ, әлем композиторларының туындылары бар. Сонымен қатар өнер сүйер қауым бірқатар халықаралық және республикалық конкурстың лауреаты Самал Байсейтова, Айдос Иманжаппаров, Ақылбек Табынбаев, Сымбат Тасбергеновалардың өнерін тамашалады.
Айта кетейік қазір Қызылорда қаласында мың орынды «Өнер орталығы» салынып жатыр. Алдағы уақытта Қызылорданың симфония оркестрі жаңа бағдарламамен осы орталықта концерт беретін болады.