Елордада көне жәдігерлер көрмесі өтіп жатыр
Түркістан жерінен табылған көне жәдігерлер елордадағы көрмеге қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
XIV ғасырға тиесілі тайқазан, қоладан жасалған шамдар, қолжазбалар сол кезеңді бейнелейді. Одан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Әзірет Сұлтан» мұражайының экспонаттары бар. Көпшілік назарына Шыңғыс хан заманынан бастап, Қазақ хандығы құрылғаннан бергі түпнұсқа күйінде сақталған 130-ға жуық бұйым ұсынылды. «Түркістан 1000 жылдықтар тоғысында» тақырыбындағы көрме Республика күні мен Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің 10 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Қазыналы тарихтан сыр шертетін көрме жұмысы жыл соңына дейін жалғасады.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жалпы тарихи сана ұлттық бірегейліктің негізі болып есептеледі. Әзірет Сұлтан музейінің негізгі жәдігерлерін осы жерге алып келіп, халыққа таныту сол тарихи сананы қалыптастыру жолындағы бір қадам.