Бұқар жырау мұражайы Мәскеуде көрме өткізді
Павлодарда орналасқан Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайы Мәскеуде көрме өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл шара Ертіс-Баян өңірінен шыққан, бүкіл қазақ еліне есімі аян мәдениет пен өнер саласының майталмандарына арналған. ФЭСТ театрында ашылған экспозицияда ақын, тарихшы, этнограф, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев, ақын Естай Беркімбаев, драматург Жүсіпбек Аймауытов пен Жұмат Шанин, қазақтың әйгілі режиссері Шәкен Айманов және алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат Нәзір Төреқұловтың жәдігерлері қойылды. Бұл тұлғалардың тағдыры Мәскеумен байланысты болғанықтан, олар осы экспозицияға біріктірілген, - дейді ұйымдастырушылар. Шараның ашылу салтанатына мәдениет пен өнер саласының қайраткерлері, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Ербол Қайыров, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының басшысы:
- Осыдан 87 жыл бұрын 1936 жылы Жұмат Шанин, қазақтан шыққан алғашқы режиссерлердің бірі, Мәскеуге келіп, Қазақстанның 10 күндігін өткізді. Біз де өткізіп жатырмыз. Бұл Ертіс-Баян өңірінің, бүкіл қазақ зиялыларының Мәскеудегі өтіп жатқан мәдени күндері деп айтуға болады.