Алматы облысында тарихи оқиға сахналанды
Алматы облысы Шонжы ауылында әйгілі «Қарадала шайқасының» сахналық қойылымы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл шара қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» 300 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қойылымды тамашалауға 2 мыңнан астам халық жиналды. Голливудқа танылған «Kazakh Union Action Team» каскадерлік тобы мен еліміздің белгілі киноактерлері қатысып, барлығы 100-ге жуық адам тарихи оқиғаны көрермен назарына ұсынды. Қойылым 5 түрлі көріністен тұрды. Жоңғар шапқыншылығы мен сол кездегі қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігін көрсетті.
Сонымен қатар халық «Бауырсақ патиге» қатысып, ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Зергерлер мен қолөнершілер шеберлік дәрісін өткізді. Мәдени іс-шара аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті.
Асылы Осман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген мақал бар. Сол бүгінгі көріністе еліміздің тәуелсіз елдің өскенін көрсетіп отыр. Өйткені өткен тарихты бүгінгі өмірмен сабақтастырып, байланыстырып көрсетіп отыр.