Композитор Қалдыбек Құрманәлінің кітабының тұсаукесері өтті
Түркістанда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлінің фотоальбом-кітабының таныстырылымы өтті.
Онда композитордың бұрын-соңды басылым бетінде жарияланбаған суреттері, халыққа кең тараған әндерінің нотасы басылған. Сонымен қатар оның шығармашылығы мен өмірі жайлы өзге қаламгерлердің мақаласы мен ақындардың арнау өлеңдері көрініс тапқан. Композитор 40-қа жуық ән жазған. Сазгердің әндерін Мәдина Ералиева, Тұңғышбай Жаманқұлов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Жұбаныш Жексенұлы орындаған. «Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу», «Кірмеші жиі түсіме», «Жайықтың толқындары», «Шай ішіп кетсең қайтеді?» сынды туындылары қазақ музыкасының алтын қорына енді.
Қалдыбек Құрманәлі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Қаншама адамның кітабын шығарып бердім ән жинақтан, қанша адамның кешін өткізіп бердім, бірақ өзімнің ән жинағымды шығаруға назар аудармағанмын ғой. Кітап жалпы қауымға арналады. Студенттерге, мектеп оқушыларына, мұғалімдерге және менің әнімді ұнататын адамдар осы кітаптан көп мағлұмат алады.