Ыстанбұлда «Ұлы дала әйелдері» атты фотокөрме ашылды

Ыстанбұлда «Ұлы дала әйелдері» атты фотокөрме ашылды

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы және «Sultan Magazine» қоғамдық-саяси және ақпараттық-танымдық журналы бірлесіп Ыстанбұлда «Ұлы дала әйелдері» атты фотокөрмені ұйымдастырды.

Түркия жұртшылығының назарына «Ұлы дала әйелдері» көрмесінде ұлтымыздың өнері мен мәдениетіне, рухани өмірі мен тарихына айрықша үлес қосып, ақыл-парасатымен ел есінде мәңгі сақталған Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының әжесі Зере, Домалақ ана, Айша бибі, Умай ана, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, Томирис, Ақ Қадын, Қыз Жібек, Гауһар, Күйші Дина сынды қазақ халқының ұлы көрнекті өкілдерінің суреттері ұсынылды.

Ыстанбұлдың Үскідар ауданы әкімшілігі қолдауымен өткізілген іс-шарада көптеген халықаралық көрме, фестиваль және симпозиумдардың жүлдегерлері, еліміздің атақты суретшілері Зерде Бақытбек, Айткүл Тасмағамбетова, Әділғали Баяндин, Қайрат Жәйірбекұлы, Манас Қожақұлов, Нұрбек Жәрдемов, Жанұзақ Мүсәпірдің еңбектері көрме қатысушыларына таныстырылды.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Үскідар ауданы әкімінің орынбасары Зекерия Шанлыэр Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы мен басқа да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, аталған іс-шараның екі бауырлас мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына маңызды үлес қосатындығын атап өтті.