Алматыда студенттерге «Таңбалы» петроглифтері таныстырылды

Қола дәуірінен сыр шертетін «Таңбалы» петроглифтері алматылық студенттерге таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Орал Таңсықбаев атындағы өнер колледжінің шәкірттеріне тасқа қашалған суреттердің тарихы баяндалды. Алматы облысы Жамбыл ауданындағы 3800 гектарға созылған ашық аспан астындағы кешенде 5 мыңнан астам жартас суреттері сақталған. Көрмеге Таңбалыдағы танымал бейнелердің суреттері қойылған. Қызметкерлер өнер колледжінің студенттеріне бірнеше мың жыл бұрын салынған суреттердің тарихын, мағынасын түсіндірді. Тастағы көріністер сол заманда өмір сүрген адамдардың тұрмысы мен әдет-ғұрыптарынан ақпарат береді. Көрме 19 қаңтарға дейін ашық болады.

Қуаныш  Нұрмақсұтов, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының бөлім басшысы:

- Суреттердің негізгісі қола дәуіріне жататын және Таңбалының тарихи маңыздылығын айшықтайтын негізгі суреттерді алып келіп қойдық. Атап айтатын болсақ, күн басты бейнелері, қола дәуірінде қасиетті мал болып саналған мүйізді жануарлар: бұғы, бұқа бейнелері деген сияқты суреттерді қойдық.