Отандық фильмдерге жұмсалған орынсыз ақша

Отандық фильмдерге құйылған миллиондаған қаржы құмға сіңген судай болып жатыр.

Бүгін Мәжіліс депутаты Даулет Мұқаев осындай мәселе көтерді.

Себебі 2019-2023 жылдар аралығында 100 фильмге шамамен 23 миллиард теңге бөлінген. Бір қызығы, қаржы толық игерілген. Алайда, түсірілген туындылардың саны бар, сапасы жоқ. Сәйкесінше, көрермендер саны мен кассалық жинағы да мардымсыз. 

Мәселен, Атлас интертаймэн компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне, 1 миллиард теңге қаржы жұмсалса, оның 1 проценті яғни 10 миллион теңгесі ғана қайтқан. Көрермендері аз туындылардың тізбегін «Жизнь», «Боксшы» фильмдері жалғайды.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңге болса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс. Сонда сіз болып, біз болып «Жизнь» деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе? Қаншама фильм түсіріліп, шаң басқан архивтерде жатыр. Тәуелсіздіктен бері қарай мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм тек «Досмұқасан» ғана.