Францияда «Тұран» этноансамблінің қатысуымен концерт өтті

Францияның Бельфор қаласында әйгілі «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі

және қазақ өнерінің інжу-маржаны «Гүлдер» ансамблінің қатысуымен «Дала әуендері» атты концерт өтті. Келген көрермендердің алған әсері ерекше.

Қазақ өнерпаздарының концерттік бағдарламасы Бельфор залының ресми кестесіне енді. Бұл өте сирек кездесетін сәт. Сондықтан зал көрерменге лық толы. 

Рафаэль Содини, Францияның қоғам қайраткері:

- Бұл қазақ мәдениетін жақсы білмейтін, бірақ танысқысы келетін Бельфор тұрғындарына жақсы мүмкіндік. Қазақстан мен Франция арасында ортақ мүдделер бар. Тек саяси-экономикалық тұрғыда емес, мәдени жағынан да қарым-қатынасымызды нығайту маңызды деп ойлаймын. 

«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі Бельфорда екінші мәрте өнер көрсетуде. Бұл жолы жергілікті тыңдарман көп болды. Сондай-ақ аты аңызға айналған "Гүлдер" ансамблінің жаңа құрамы франциялық қауым үшін жаңалық болды. 

Анвара Әріпқызы, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері: 

- Ол біз үшін бір мәртебе. Бір үлкен жауапкершілік және үлкен-үлкен қуаныш. Өйткені біз осындай атақты, белгілі "Тұран" ансамблімен бірге шыққанымыз ол емтихан бізге. Және айтып жатқандай жауапкершілік пен үлкен бақыт деп айтуға болады. Шығармашылық бақыт деп айтуға болады. 

Ұлттық аспаптарда дәстүрлі әуендеріміз орындалды. Мың бұралған бишілеріміз бен әншілеріміз жырдан  шашу шашты. Сахнадағы көгілдір экраннан еліміздің көрікті жерлері көрсетілді.

Концертке жиналған қауым Қазақстанға виртуалды саяхат жасағандай әсерде болғанын ерекше таңданыспен айтты.

БЛИЦ:

- Жалпы өзім музыкалық аспаптарға қатты қызығамын. Бүгін қазақтың әнін естіп, биін тамашаладық. Енді Қазақстанға бармақ ниетіміз бар.  

- Бұл керемет. Аспап үнінен аттың дүбірі естіледі. Кең байтақ даланың кереметі көз алдыңа келеді екен... Осыдан кейін Қазақ еліне қалай бармайсың?!   

Қалың көрермен арасында Әйгерім есімді ақтөбелік жерлесіміз де болды. Ол Францияға небәрі 2 жасында көшіп келген. Араға біраз жыл салып, өз туған Отанының өнерімен, мәдениетімен танысып, алған әсерімен бөлісті.   

Айгерім Пероль, студент:

- Біраз толқып тұрмын... түрлі эмоция... керемет сезім. Мен әркез өз еліммен мақтанамын, арманым алдағы уақытта атамекенге барып қайту. 

Концерт «Focus Kazakhstan 2024» жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты - Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту. Алдағы уақытта түрлі жәрмеңкелер, фильмдер мен көрмелер өткізу жоспары бар. 

Фариза Жанғанаева, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан