Сырбойылық зейнеткерлер музыкалық білімі жоқтығына қарамастан ансамбль құрды
Қызылорда облысының Еңбек ауылында зейнеткерлерден жасақталған вокалды-инструменталды ансамбль құрылды.
Өнер ұжымының кәсіби музыкалық білімі жоқ. Бұрынғы агроном, сушы, комбайншы, темір шебері секілді, еңбек адамдары ұйымдастырған концерт.
Қонысбек Медеуов музыкаға 15 жасынан бастап жақын болған. Көше әндерін шырқап, гитара шертудің шеберіне айналады. Мына қабырғадаға суреттер ауылда алғаш құрылған «Армандастар» вокалды-аспапты ансамблінің тарихынан сыр шертеді. Сол кезде жас комбайншы ұжымның белді мүшесі болған.
Қонысбек Медеуов, ансамбль мүшесі:
- Ән жағынан оқуға түсу деген ойымызға келмепті. 1975 жылдан бастап комбайнға көмекші болдым, кешеге дейін миханизатор болып шаршайсың ғой енді. Сонымен күрішші болдық.
Қонысбек Медеуов ауыл шаруашылығында 50 жылға жуық тер төгіп, құрметті демалысқа шықты. 30 жыл бұрын ансамбль құрған ауылдастары да әр саланың білікті маманына айналған. Агроном, сушы, темір шебері, мұғалім, дәргер болып еңбек еткен олар зейнеттік демалыста жүріп, ауыл жастарына үлгі болар бастаманы қолға алғанды жөн санадық, дейді. Осылайша «Армандастар» ансамблі сахнаға қайта оралды.
Ермекбай Шаймаханов, ансамбльдің алғашқы жетекшісі:
- Өз-өзін көрсетейін, мақтанайын, тартқыштығын білдірейін деп емес, өзінің келешек ұрпағына осындай елде жұмыспен қатар мәдени іс-шара жасап жүрсе дейді ғой. Ағаларының орнын ауыстырып, әртүрлі гитара ғой жаңағы, әртүрлі дауылпаздар бар. Солардың орнына айырбастап, басқа жастар келсе дейміз.
Кешегі күндермен қауыштырар ерекше концертті тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Құрамы нағыз еңбек адамдарынан жасақталған вокалды-аспапты ансамбль танымал әндерді шырқап, ауылдықтардың ыстық ықыласына бөленді.
БЛИЦ
- Кәсіби мамандар емес. Олардан кем емес, қайта артық. Жанды дауыста, тамаша демалыс болып жатыр.
- Бұрынғы нәрсеміздің бәрі есімізге түсіп жатыр. Қазір пенисияда Сағыныш, Болат деген менің құрдастарым. Қандай керемет, бұрынғы өздерінің қалпын ұстап бүгін халықты қуантып жатыр.
Ансамбльдің ең алғашқы мүшелері қазір 80 жастан асқан, немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішкен жандар. Бір кездері еңбек даласында тер төгіп, түрлі музыкалық аспапты шебер меңгерген аға буынның өнегелі өмірі өскелең жасқа өнеге болса, дейді олар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев