Ақтөбеде «Қобыланды батыр» сахналанды
Ақтөбеде алғаш рет эпос желісімен жазылған «Қобыланды» қойылымы сахналанды, деп хабарлайды 24KZ.
Халқымыздың жыр дәстүріндегі батыр тұлғасы жаңа қырынан көрінді.
Қобыландының ел басына күн туған кезеңдегі батылдығы мен өзіндік келбеті жан-жақты суреттелді. Қойылым алдағы уақытта өзге өңірлерде көрсетілуі мүмкін.
Жаңа қойылым жақында ғана Ақтөбенің драма театрына қызметке келген Әділет Мұхтар үшін үлкен сын болды. Себебі жас актер басты рөлді алғаш рет сомдап отыр. Сондықтан болар туындының сахнаға дейінгі дайындығы үлкен қобалжу және үреймен өткен. Бірақ мейлінше кейіпкердің бейнесін шынайы ойнауға тырысты.
Әділет Мұхтар, Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актёрі:
- Бұл рөл менің өмірдегі мінезіме, табиғатыма қарама-қайшы. Мен өмірде мүлде ондай адам емеспін. Соның барлығын сындыру керек болды. Туғаннан бастап Қобыландының жасөспірім болу кезеңі бар кішкене, одан кейін қызылбастарға шапқан кезі, Құртқаны өзінің қалыңдығы қылып алып келетін кезі, Қазанмен шайқасатын жерлері бар.
Спектакль Қобыланды батырдың өмірі мен ерлігін, елдік пен бірлікті сақтаудағы қаһармандығын көрсетеді. Қойылым барысында көрерменді ішкі жан-дүниесіндегі арпалыс, тартысты тап басып білуге, болмысының қатпар-қатпар құпиясына үңілуге, нағыз тұлғасын тануға жетелейді. Ал басты ерекшелігі шешендік сөздің құндылығында. Алматыдан арнайы шақыртылған Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері Дина Жұмабаева: «Батыр туралы көпке танылған 29 жыр нұсқасынан бірізділік табуға тырыстым», – дейді.
Дина Жұмабаева, режиссер, ұлттық «Ұмай» сыйлығының иегері:
- Менің ойымша, қазіргі заманда жастар жырдың сөзін ұмытпау керек, құлағында болу керек. Бұл жерде мен Қобыландының қаншама соғыстан өткенін көрдім. Ең бастысы, адам адам болып қалу керек. Адам болып қалу үшін Алла Тағалаға табыну керек. Осындай оймен соңында бір нақты нүктесін қойдым.
Эпос желісі бойынша жазылған қойылым екі айдан астам уақыт бойы дайындалған. Туындыны 14 актер ойнап шықты. Енді алдағы уақытта театр ұжымы гастрольдік сапарға шығуы да мүмкін.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.