Шымкентте ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі өтті
Көрмеге жергілікті 12 дизайнер қатысып, үздік топтамасын жұрт назарына ұсынды.
Олар ұлттық камзолды бүгінгі талғампаз тұтынушыға ыңғайлап, заманауи үлгіде таныстырды. Күнделікті тұрмыста және жұмысқа киюге арналған үлгілердің кең таңдауы болды. Сондай-ақ балалар киімі де бар. Камзол, бөрік, шапан мен кимешек түрлері асыл тастармен безендірілген. Оюды да орынмен қолданылу қатаң ескерілді, дейді ұйымдастырушылар. Мемлекеттік қызметкерлер бүгінгі атаулы күнге орай «ұлттық киім кию» челленджін бастады. Ал дизайнерлер ұлттық киімге сұраныс артқанын айтады.
Аружан Әскербек, дизайнер:
- «Ару» коллекциямызды алып келіп отырмыз. Бұл топтамада біз жас келіншектерді ұлттық нақыштағы киіммен өте әдемі көрінетінін дәлелдегіміз келеді. Әр оюдың өзінің мазмұны, тарихы бар.
Бауыржан Орынтаев, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:
- Наурыздың онкүндігі аясында, сонымен қатар наурыз айының соңына дейін біз осындай өзіміздің ұлттық дәстүрді насихаттайтін стильде челлендждер ұйымдастырып жатырмыз. Мен ойлаймын әрбір қазақтың патриоттық сезімі, парызы деп.