Ұлыстың ұлы күнінде Таразда ерекше киіз үйлер тігілді

Ұлыстың ұлы күнінде Таразда ерекше киіз үйлер тігілді.

Отауларда әдеттегідей дастархан жайылып ас қойылмады. Әр шаңыраққа қазақи атау беріліп, мағынасына қарай заттар мен жәдігерлер қойылды. Орталық алаңға жиналған жұртқа ат спортының саңлақтары өнерін көрсетті. Қойылымдар мен концерттік бағдарлама да болды.

Наурыз мерекесін тамашалауға келген көрермен мен қонақтарды ақ әжелер ансамблі шашу шашып, әнмен күтіп алып жатты. Көпшілікке сахнадан театрландырылған композиция ұсынылып, дәстүрлі ән мен биден шашу шашылды. 

Мерей Бает, тілші:

- Мерекелік бағдарлама ұлттық спорт түрлерімен жалғасын тапты. Ол үшін міне орталық алаңға арайы құм төселген. Арғымақ мінгендер теңге ілу жамбы ату сынды ұлттық спорт түрлерінен өнер көрсетуде. Сонымен қатар қыран баптағандар орталық алаңда сұңқарлармен өздерінің өнері көрсетіп жатыр. Сонымен қатар қазір ғана міне түйе үстінде садақ атудан әлемдік рекодты жаңартқан Амангелді Аружан да өнерін көрсетіп болды. 

Орталық алаңға қазақы салт-дәстүрге негізделген 15 киіз үй тігілді. Ерекшелігі - олар атауына қарай әрленген. Мәселен «Қыздың жолы» деп аталатын ақ отауда, қаракөздерге арналған әшекейлер мен киімдер, және қыз жасауы қойылған. Ал «Батырлар жолы» аталған киіз үйде Абылай хан тұсындағы тарихи кезеңді қойылым мен жәдігерлер арқылы көрсеткен.

Махмедғали Сарыбеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Әрине ол батырлар жолының бәрін бір киіз үйдің ішіне көрсету қиын болды. Тарихи кезеңді алдық 18-ғасырды. Егер бүгінгі жастарымыз өзінің тарихын білмесе олар бүгінгі күннің мән-жайын түсінбейді, оның келешегі бар ма жоқ па екіталай деп. Сол үшін биылғы наурыз мерекесі меніңше оның бір әсіресе жұртшылық үшін бірінші кезекте жастар үшін үлкен тәрбиелік дамытушылық мәні бар дейміз.  

- Біз қазір мына «Он екі мүше» деп аталатын киіз үйге келдік. Жалпы бұл киіз үйдің мәні неде? Неге олай аталды?

- Негізінде «Он екі мүше» киіз үйінің басты мақсаты келген қонақтарымызға, шет елдік қонақтар келіп қалуы мүмкін соларға біз қазақ жалпы қонағын қалай қарсы алады. Ас мәзірін қалай тартады. Қалай ұсынады. Оның қандай әдебі бар. Қазақтың ұлттылығын білдіретін өзіндік бір әдеп. Мысалы қарап отырсаңыз мынау қойдың басы. Қойдың баснының қасында бір-ақ сирақ. Бұл өзінше бір әдеп, екі сирақты бірден әкелмейді.  

Мерекелік алаңда алып батырлар мен құмай тазысын ертіп, бүркітін баптаған бозбала-қыздар көптің көңілін көтерді. Ал, тамақтану алаңдарында құрт, май, айраны мен ірімшігі сынды тек ұлттық тағамдар саудаланды. 

Блиц:

Тарихымыздан сыр шертетін құнды жәдігерлерімізді киіз үйдің ішіне көрме ретінде қойған екен. Бұл халықтың көңіл күйінен шығып жатыр.

Қазақтың ер жігіттер ат үстінде шапқан кезде шыны керек көзіме жас алып, бір жүрегіме қазақ деген бір сондай жеткізе алмай тұрмын сөзбенен. Өте керемет өтті.

Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын!

Әр күндеріміз сәтті болсын үйімізде береке болсын. Барлығы жақсы болсын.

Мерекеде ұлттық спорт түрлерінен садақ ату, арқан тарту, асық ату, қол күрес пен тоғызқұмалақтан тұрғындар арасында жарыстар  ұйымдастырылды. Жиылған жұрт алаңға қойылған алтыбақанды тебуге мүмкідік алды.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә