Испания радиосында Құрманғазының күйі орындалды
Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында қазақтың күйі Еуропа радиосында ойнады.
Бұл туралы Испаниядағы тілшіміз хабарлайды. Бүгін Радио Либертат 107 FM желісінде Құрманғазының “Сарыарқа” күйі орындалып, сан мыңдаған еуропалық тыңдаушыны тәнті етті.
Радиожүргізуші Роберто Родригес Орталық Азия елдерін, соның ішінде Қазақстан халқын әз-Наурыз мейрамымен құттықтады. Ертең күйіміз жергілікті радиодан тағы бір мәрте берілмек.
Роберто Родригес Мансанеке, диктор:
- Орталық Азия елдерінде Наурыз кеңінен тойлануда. Бұл терең тарихы бар төл мейрам. Соның құрметіне біздің радиода Қазақстанның күйлері орындалып жатыр. Мерекелеріңіз құтты болсын, достар!
Қазақтың күйі Түркияда күмбірледі
Қазақтың күйі түрік радиосында да күмбірледі. Құрманғазы атындағы оркестрдің орындауындағы қара домбыраның әуезді үні Еуропадағы түріктерге хабар тарататын мемлекеттік станцияның бірі «Түркия үні» мен ТРТ Анталия радиостанцияларында ойнап, тыңдармандарды тәнті етті.
Гүлнұр Акалын, диктор:
"Наурыз мейрамына орай тыңдармандарға қазақтың күйлерін таныстырдық. Себебі Наурыз күллі түркі халықтарының ортақ мерекесі. Мен де бүгін бірінші рет тыңдап отырмын. Ұнады. Тыңдармандардың да көңілінен шығатынына күмәнім жоқ. Наурыз құтты болсын!"