Димаш өзінің 30 жылдық мерейтойын Ыстамбұлда атап өтті

Әлемді мойындатқан әншінің 30 жас мерейтойлық концерті әйгілі 42 мың орындық Бешикташ стадионында өтті,  деп хабарлайды 24KZ.

Мұнда Димаштың сүйікті әншісі Майкл Джексон да бір кездері өнер көрсеткен. Риана, Шакира секілді жұлдыздар да осы сахнада ән айтты. Футбол бойынша әлемдік додалар тап осы жерде өтеді.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Димаш Құдайбергеннің 30 жылдық мерейтойына арналған концерт жоғарғы деңгейде өтті. Мұнда тек қазақ пен түрік өнерсүйгіш қауымы ғана емес, 40-тан астам елден жанкүйерлер келіп көрді. Шетел асып келген қауым Димаштың барлық әндерін жатқа біледі.

Эссе Илман, швейцариялық жанкүйер:

- Димаш туған күніңіз құтты болсын. Мен Димаштың концертін көру үшін Швецариядан арнайы келдім. Бұл менің Димаштың концертін осымен бесінші рет көруім болады.

Барбара, поляк жанкүйері:

- Польшадан келдік. Шашымыз бен жейдемізді арнайы көк түс етіп таңдадық. Бұл Димаштың Отаны Қазақстан туының түсі. Біз оны қатты жақсы көреміз.

Жанкүйерлер концерттің басталар уақытынан әлдеқайда ерте жиналды. Бұл күн тек өнерсүйер қауым үшін ғана емес, саудагерлер үшін де олжалы болды.

Мурат Сойсал, компания қызметкері:

- DQ, яғни Димаш Құдайберген иіс суы, үш түрлі жейде дайындадық. Жейделердің дизайнері де әншінің өзі. Қалпақтар да бар. Сондай- ақ түрік локумын да қорапшасын осындай әдемі Димаштың суретімен безендірдік.

Қазақстанның халық әртісінің өнерін тамашалауға дипломатиялық миссия өкілдерімен бірге халықаралық ұйым басшылары да келіп, арнайы қолдау көрсетті.

Сұлтан Раев, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:

- Димаш Құдайберген қазақтың ғана емес, түркі дүниесінің, бүкіл әлемнің мақтанышы. Талантты әнші 2013 жылы Қырғызстанда өткен халықаралық шарада гран-при иеленді. Жүлдені өзім тапсырдым. Тап қазір ол өнерде өзіндік дүниенік бағыттап отыр. Не деген мақтаныш?!

Ал Димаш бұл жолы әлемнің 6 тілінде ән шырқады. Әсіресе, оның белгілі түрік әншісі Халюк Левентпен орындаған «Геси бағлары» әні көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ әйгілі Dj Бурак Йетер де «Weekend» әнін бірге шырқады.

Бурак Йетер, DJ:

- Димаш әлемдегі ең мықты өнер жұлдыздарының бірі. Бүгін Ыстамбұлдағы туған күні тарихта қалатыны анық. Өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да бірге орындайтын дүниелеріміз көп.

Димаштың ата-анасы да концерт ұлының өнерін өзге көрермендермен бірге тамашалады.

Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі, ҚР мәдениет қайраткері:

- Осыдан 30 жыл бұрын Димаш осы сәтте өмірге келген еді. Қазір, мінекей, тынымсыз еңбектің нәтижесінде, халықтың алғысының нәтижесінде, отбасындағы ұстаздарының тәрбиесі нәтижесінде сахнаға шығып жатыр. Көңілім толқып, қобалжып, қатты қуанып жатырмын.

Бұл жолы да Димаш концертімен көпті таңқалдырды. Жиналған жұрт әншінің дауысын естіп ерекше көңіл күйге бөленді. Отандасымыз әуелете ән салумен бірге әлемді бейбітшілікке шақырды.