Қазақ тіліне құштар америкалық бойжеткен Қазақстанға келуді армандайды
Шетелде қазақ тіліне қызығушылық танытып, үйренушілер қатары жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Солардың бірі – америкалық бойжеткен Кэмерон Фарр. Оның қазақ тілін үйреніп жүргеніне 5 жылдай болыпты. Жақсы меңгеріп алған соң америкалық балаларды оқытуға ниетті. Тіпті бойжеткен өзінің аты-жөнін Айбала Құдайбергенқызы деп қазақшалап алған. Әлеуметтік желіде тіл үйрену тәсілдерін үйретеді және қаралымы да жоғары. Полиглот қыздың қазақ тіліне деген қызығушылығы мен алдағы жоспарын әріптесіміз Айжан Сыдықова біліп қайтты.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Бала күнінен тіл үйренуге құштар Айбала қазір немісше, испанша, французша, арабша, сонымен қатар жапон, қытай, корей тілдерін біледі. Ал оның қазақ тіліне деген қызығушылығын Қазақстан жайлы кітап оятқан. Осылайша, ол ғаламтор арқылы қазақ даласының мәдениетімен танысып, қазақша әндер тыңдауды да әдетке айналдыра бастаған. Кэмеронның сүйіп тыңдайтын әншісінің бірі – Димаш Құдайберген. Полиглот қыз енді елімізге саяхаттап барып қайтуды ойлап жүр.
Айбала Құдайбергенқызы, полиглот, блогер:
- Мен онлайнмен қазақша үйрете аламын. Американдық балаларға қазақша үйреткім келеді. Мен қазір Америкада Атланта штаты, бірақ қазір біз Вашингтонда. Иншалла, мен бір күні Қазақстанға барып аламын. Жаркент, Астана, Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Сарыағаш, Ақтау, Ақтөбе бәріне барғым келеді. Бірақ Шымкент, Алматы, Астана үшеуі бірінші.
Бойжеткен қазақ тіліне ден қойғалы Айбала деген есімді таңдап, әлеуметтік желілерде өзін Айбала Құдайбергенқызы деп таныстыратын болған. «Бұл есімді мағынасы жағынан атыма жақын болғандықтан ұнатып алдым», - дейді полиглот қыз. Бірақ Кэмерон отбасында ата-анасы да, бауыры да қазақша білмейтінін айтады.
Айбала Құдайбергенқызы, полиглот, блогер:
- Олар қазақша сөйлемейді, олар ағылшынша, испанша сөйлейді. Менің инстаграмымда қазақ достарым бар, олар Қазақстанда тұрады. Мен қазір жиырма тіл білемін. Мен жиырма тілде сөйлеймін. Бірақ қазақшам бірінші орында.
Айбала өзі білетін көптеген тілдердің арасында қазақ тілі мен мәдениетіне айрықша ден қойып, зерттеп жүргенін үнемі мақтаныш тұтады. Бойжеткен қазақтың қазыналы құндылықтарын, ұлттық мұраларын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін және дархан даланың әсем табиғатын көзбен көретін сәтті асыға күтіп жүргенін айтады.