Елордада «Жамбыл. Жаңа дәуір» атты тарихи драманың тұсаукесері өтті
«Жамбыл. Жаңа дәуір». Астанада осындай атаумен Жамбыл Жабаевтың өміріне арналған тарихи драманың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды 24kz.
Фильмде «Жыр алыбы» ғұмырының соңғы тоғыз жылы көрсетілген. Туынды авторлары мұрағаттан табылған тың деректерге сүйенген. Арасында 1936 жылы Жамбылдың өнерін насихаттауға атсалысқан мәскеулік маман Иосиф Гильманның немересінде сақталған құнды дәйектер бар. Фильм авторы терең ізденіс арқылы ғасыр жасаған ақын өміріндегі тарихи қайшылықтарды ашып көрсетуді мақсат еттім дейді.
Жандос Құсайынов, фильмнің қоюшы режиссері және сценарисі:
- Жамбыл атамыздың өмірі жайлы көптеген кітаптар жазылған. Фильмдер түсірілген. Бірақ ол кездегі саяси конъюнктура біздің ұлттық қажеттілігімізді немесе тарихи шындықтан көрі сол кездегі жүйенің қажетіне жарайтын дүниелер болатын. Сондықтан қазіргі таңдағы жаңа заманауи көзқарастағы жастардың көзқарасымен қараған кезде ашылмай жатқан бірнеше қыры бар тұлғаның бірі осы Жамбыл атамыз деп есептейміз. Қазіргі жастар сол кездегі кезеңнің атмосферасын сезіну үшін сол кездегі әлеуметтік жағдайды білу үшін, содан кейбір тарихи мәселелерге, тарихи тұлғаларға баға беру үшін осындай фильмдерді көру керек деп есептейміз.